Halyq Uni логотип
×

Маңғыстауда балық шаруашылығымен айналысатын бірнеше кәсіпорынға жер берілді

Өңірде өсірілетін балық көлемі 2030 жылға дейін 100 мың тоннаға жеткізіледі деп жоспарланған

 Динара Амантай 21.11.2022 | 16:25
Маңғыстауда балық шаруашылығымен айналысатын бірнеше кәсіпорынға жер берілді
Фото: Halyq Uni

Маңғыстауда балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарға қолдау күшейтілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға жасаған жұмыс сапары барысында балықты өсіру және өндіру бойынша қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. Президент жергілікті билікке балық шаруашылығымен айналысатын бизнес түрлеріне қолдау білдіріп, жер телімдерін беріп, балық өнімдерін Қазақстанға ғана емес, шетелдерге экспортқа жіберу үшін оңтайлы жағдай жасау керек екенін айтты.

Президенттің берген тапсырмасы аясында өңірде балық шаруашылығымен айналысатын бірнеше кәсіпорын ашылып, жергілікті әкімдіктен қолдау тауып, көмек алған.

Солардың бірі – «Industrial Fish Plant» ЖШС. Кәсіпорын жергілікті атқарушы органға арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жер телімін сұрап өтініш білдірген. Нәтижесінде мекемеге жалпы көлемі 1200 гектар болатын «Тоқмақ», «Жыланды», «Ракушечный мыс» жерінен үш жер телімі 3 жылға зерттеуге берілді.

Жергілікті әкімдіктен қолдау тапқан кәсіпорынның тағы бірі – «CaspyAltynBalyk» ЖШС. Аталған өндіріс орны бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру мақсатында Форт-Шевченко қаласында 0,15 гектар жер телімін алған. Қазір аталған аймақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Болашақта кәсіпорын жер көлемін ұлғайтуды көздейді.

Сондай-ақ «Каспий Алтын балық» ЖШС-не балықты өңдеу және қабылдау мақсатында Түпқараған ауданынан 0,10 гектар жер учаскесі, ал «Caspian Kuryk Balik» ЖШС-не балық және шаян тәрізділерді өсіру үшін Қарақия ауданынан 0,10 га жер учаскесі берілген.

Ақтау қаласында жұмыс істейтін «NATALI COMPANY» ЖШС 2022 жылы 22 тонна балық өнімін өндірген. Оның 7 тоннасын Батыс Қазақстан облысына экспорттаған. Компания алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал әкімдік өз кезегінде тиісті көмек көрсететін болады.

Өңірде жеке кәсіпкерлер балық шаруашылығын дамытуға ден қойып отыр. Оның бір мысалы, Құрық ауылының тұрғыны – Қуаныш Сейітов. Қазір балық шаруашылығын жүргізу үшін оған Қарақия ауданынан 10 га жер учаскесі берілген.

Балық шаруашылығының дамуы еліміздің экономикасына да оң әсерін тигізіп келеді. Мәселен, «Ақтау балық компаниясы» ЖШС өнімдерін жергілікті және халықаралық нарыққа шығарып жүр. Компания табиғи таза өнімдерін нарықтық бағадан 20% төмен бағада сату үшін Ақтау қаласында өз дүкендерін ашуды жоспарлаған. Қазір сол дүкендердің құжаты реттеліп жатыр.

Сондай-ақ биыл «Kazakh osseter» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорны 10 мың келі балық өнімін Ресей және Әзербайжан елдеріне экспортқа шығарған.

Айта кетейік, қазір Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамыту жоспары жүзеге асып жатыр. Оның аясында өңірдегі балық өнеркәсібі 2030 жылға дейін бірнеше есе ұлғайып, өсірілетін балық көлемі 100 мың тоннаға жеткізіледі.

Биыл өңірде 37 тонна балық өсіру жоспарланған болса, соңғы деректер бойынша «Kazakh osseter» ЖШС, «Каспиан Ривьера» ЖШС және «NATALI COMPANY» ЖШС жыл басынан бері 38,5 тонна бекіре мен тауарлық балық өсірген.

Ал келесі жылы 73 тонна балық өсіру жоспарланып отыр. Бұл балық шаруашылығын дамыту жоспарының қарқынды жүзеге асып жатқанын білдіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама