×

«Көп елде заңнама технологиядан 50 жылға кейіндеп қалған» – Брайан Кагоро

Алматыда цифрлық қуғын-сүргін мәселелері талқыланды

 Ая Өміртай 21.11.2022 | 16:04
Фото: Halyq Uni

Көптеген елдерде заңнама технологиядан 50 жылға артқа қалып қойған, деді «Ашық қоғам» қоры өкілі Брайан Кагоро. Ол бұл туралы Алматыда өткен XIII Орталық Азиялық InternetCA-2022 форумы кезінде мәлімдеді деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҚАРСЫ ТҰРА АЛАТЫН АВТОР БОЛУЫМЫЗ ҚАЖЕТ»

Цифрлық репрессияларды айқындайтын бірнеше факторларға тоқталған маман цифрлық құқықтың бұзылуының демократияға қауіпі туралы сөз қозғады.

«Соңғы кездерде авторитарлық режім үрей, жеккөру, қорқу сезімдерін тудырып отырғанын байқап отырмыз. Қазіргі қуғын-сүргін ашық қоғам көзқарасы тұрғысынан болашаққа және болашақтағы демократияға қауіп тудырып жатыр. Антидемократиялық күштер манипуляция мен цензура жасап қана қоймай, интернетті де өшіріп жатады. Цифрлық репрессиядан зардап шегетіндердің көбі мүмкіндіктерге сене бермейді. Цифрлық қуғын-сүргін бірнеше факторлармен белгіленеді. Біріншісі, коорпоративті билікте реттелмейтін бақылау. Екіншісі, әлсіз реттеу мен есептілік. Мұны құпиялық деп те атауға болады. Осы құпиялықпен бүркену кезінде компаниялар ақпаратты таратпау туралы келісімшартқа қол қояды. Заңнама технологияларды бақылап үлгерген жағдайда, мұндай жағдай болмас та еді. Көптеген елдерде заңнама  технологиядан 50 жылға артқа қалып қойған. Биліктің ассиметриясы – мемлекет пен азаматтардың арасындағы айырмашылық пен арақашықтықты байқамайды. Мысалы, көп азаматтар тәжірибе қояны ретінде пайдаланылады және олар технологиядан ешқандай пайда көрмейді. Технологияларды қолдану демократияға қолжеткізуге болатынын көрсетіп отыр. Әлемдік деңгейде адвокация жасап, осы жағдайдың құрбаны емес, репрессияға қарсы тұра алатын автор болуымыз қажет. Бұл шараны неліктен Орталық Азияда өткізіп отырмыз? Өйткені дәл осы жерде технологиялық фирмалар орналасқан. Қиын да болса, күресу талпыныстарны байқап отырмыз», – деді Брайан Кагоро.

ЦИФРЛЫҚ ҚУҒЫН-СҮРГІННІҢ ЖАЛПЫ ҮРДІСТЕРІ

Осыған жалғас ой қозғаған Орталық Азиядағы USAID Демократия және денсаулық кеңсесінің директоры Робин Мардеуштің айтуынша, Орталық Азияда интернеттің кеңеюі және оның мобилділігі соңғы он жылда трансформацияланды.

«Әсіресе, пандемия кезінде интернеттің рөлі маңызды мәенге ие болды. Оқшауланған әлемде тамақ тапсырысы, ақша айырбасы, ақпарат алу рөлі арта түсті. Адам құқығын қорғау, алдағы заманауи қауіп-қатерлер және демократиялық процестер жаңа арналарды қажет етеді. Жыл сайын үлкен тәуекелдер көбейіп жатыр. Медиасауатты дамыту, интернет – көңілді ойын-сауық ортасы ғана емес, біздің құқығымызды қорғайтын алаң», –деді Робин Мардеуш.

Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы Access Now (АҚШ) аймақтық қоғаммен байланыс үйлестірушісі Анастасия Жирмонт Орталық Азиядағы цифрлық авторитаризм және цифрлық қуғын-сүргіннің жалпы үрдісі туралы баяндады.

«Интернетті өшіру – желіні әдейі бұзу және интернетке кіруге кедергі келтіру. Байланыс платформаларын блоктау. Одан кейін бақылау әдісіне – үкіметтік қарсыластарға және басқаларға қарсы шпиондық бағдарламаларды пайдалану, жеке деректерді жаппай жинау және сақтау, биометриялық тану жүйелерін, соның ішінде бет-әлпетті тану технологиясын пайдалану жатады», – дейді Анастасия Жирмонт.

Маманның айтуынша, осы тәрізді және интернеттегі сөз бостандығына қарсы шектеулер Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан елдерінде кездеседі.

ХАЛЫҚТЫҢ 2,5%-Ы ЖЫЛДАМ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛА АЛМАЙ ОТЫР

Ал Орталық Азиядағы Internews өклдігінің басшысы Марат Биғалиев мемлекеттің дамуы мен ашық қоғам қалыптастыруда интерне кеңістік жұмысының өзектілігі туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Қазақстан халықының 2,5 пайызының жылдам интернетке қолы жетпей отыр.

«Интернет кеңістіктің жұмысы медиконтент аясында өзекті болып келе жатыр. Қазақстанда тұрғындарының 2,5 пайызының жылдам интернетке қолы жетпейді. Сандық құқық – адам құқығы саласындағы фундаментальды сала, онсыз ашық қоғамның дамуы мүмкін емес», – деді Марат Биғалиев.

Жиынға қатысқан министрлік өкілдері цифрландыру бағытында жаңа заңнама әзірленіп жатқанын, сонымен бірге отандық БАҚ арасында өзара бәсекені күшейту ісі қаралып жатқанын жеткізді.

«Елімізде бір де бір интернет БАҚ бұғатталған жоқ. DOS шабуылдар болды, бірақ бұл мемлекеттік органдар тарапынан жасалған әрекет емес. Цифрлық құқық саласын реттеуші күштер туралы айтар болсақ, мелекет тарапынан мұндай санкциялар қолданылған жоқ», – деді Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов.

Министрлік өкілі келтірген мәлімет бойынша, Қазақстан киберқауіпсіздік деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 31 орында. Ал жыл басынан бері заңбұзушылық бойынша 74 мың дерек анықталған, оның басым көпшілігі терроризм мен экстремизм насихаты бойынша жарияланған.

Айта кетелік, медиа және интернет-технология саласындағы халықаралық дәрежедегі мамандар Орталық Азиядағы ең өзекті цифрландыру мәселелері талқылап, дағдарыс уақытында цифрлық құқықты жүзеге асыру бойынша ой-пікір алмасты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама