Қарағандыда қаржы пирамидасын ұйымдастырған алаяқ ұсталды
Ол халықты 180 млн теңгеге алдап, 9 жылға сотталды
Қаржылық мониторинг агенттігі Қарағандыда қаржы пирамидасын ұйымдастырған «Лидер Капитал 168 микроқаржы ұйымы» ЖШС-нің басшысын ұстады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті хабарлады.
ЖШС-нің басшысы Ирина Яковлева 5 жыл бойы салымшыларды алдап, олардан 180 млн теңге көлемінде пайда тапқан. Сотта оның айыбы дәлелденіп, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Департаменттің хабарлауынша, «Лидер Капитал 168 микроқаржы ұйымы» ЖШС 2015-2020 жылдар аралығында жұмыс істеп, салымшыларға теңгемен есептегенде жылына 24 пайыз, шетел валютасымен санағанда жыл сайын 6 пайыз немесе салынған ақшадан ай сайын 5 пайыз табыс табуға болатынын айтып, сендіріп келген. Алаяқтың «бизнесі» өрге домалап, ол Павлодар облысында да филиал ашып, жұмыс істеген. Алайда алаяқтың бұл ойы іске аспай, дер кезінде ұсталып, сотталды.