×

«Көмір алатын ақшаға газ құбырын жүргіздік»: Шымкентте тұрғындар жылу мен жарық мәселесін көтерді

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындармен кездесіп, жыл соңына дейін газ қосуға уәде берген

Фото: Halyq Uni

Шымкентте тағы бір шағын ауданның тұрғындары жылу мен жарық мәселесін көтерді. Тұрғындар Батыс шағын ауданына он жыл бұрын қоныстанған. Қазір мұнда екі мыңнан аса отбасы тұрады. Halyq Uni тілшісі азаматтардың мәселесін тыңдап қайтты.

Тұрғындардың сөзінше, жарық және газ тарту мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Қазанда Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындармен кездесіп, жыл соңына дейін газ қосуға уәде берген. Алайда бір айдан бері ештеңе өзгермеген.

«Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов келіп, жыл соңына дейін газ кіргіземіз деді. Соған сеніп, көмір алатын ақшаға газ құбырын жүргіздік. Бірақ қазір не газ жоқ, қалтамызда не көмір алатын ақша жоқ. 10 жылдан бері уәде тойып келе жатырмыз. Жауапты басқармаға барсақ, әкімдікке сілтейді. Әкімдік басқармаға бар дейді. Екеуінің ортасында жүрміз», - дейді Шымкент тұрғыны Ақбөпе Ырыстыбекова.

Мұнда бірқатар тұрғын тоқпен жылытатын құрылғыны қолданып отыр. Алайда шағын аудандағы электр сымы жел тұрса үзіліп кетеді.

«Үйде баскиім, қабат-қабат жемпір киіп отырамыз. Басқаша жылыну мүмкін емес. Үйде жылу он градусты көрсетіп тұр. Екі көрпе жамылмасақ болмайды. Жаңа Қазақстанда емес, өткен ғасырда қалып кеткен сияқтымыз», - дейді көпбалалы ана Ақбөпе Айдарова.

Тұрғындардың шағымына байланысты Шымкент энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы пікір білдірді.

«10 күннің ішінде осы жаққа газ жібереміз. Әрі қарай оны үйге кіргізу «ҚазТрансГаз» жұмысына байланысты болады. Біз жұмыс істеп жатырмыз. Жарық та 15 желтоқсанда берілуі мүмкін. Сол кезде абоненттермен жұмыс басталады. Жыл соңына дейін бәрін аяқтауға тырысамыз», - деді басқарма басшысының орынбасары Мақсат Ердембеков.

Айта кетейік, бұған дейін Қаратау ауданына қарасты Азат шағын ауданы тұрғындары газ тарту мәселесін көтерді. Олардың сөзінше, үйлерге газ берілген. Алайда қала әкімі кеткеннен кейін газ өшірілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама