Шымкент мектебінде мазасы қашқан оқушы ауруханада көз жұмды: лицей директоры жағдайды баяндады

Ербол Тұрымбет

Полиция бұл жағдайға қатысты тергеуді бастап кетті

Фото: Halyq Uni

19 қараша күні Шымкенттегі дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған лицей-интернатта оқитын 7-сынып оқушысы дене шынықтыру пәнінде мазасы қашып, мұғалім оны жеке кабинетіне апарып, мектеп дәрігерін шақырған. Сосын олар жедел жәрдем шақыртқан. Оқушы бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Алайда, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Бұл туралы мектеп директоры Аят Әлжанова Halyq Uni тілшісіне баяндап берді.

- 19 қараша күні, яғни жұма күні екінші сабақ – дене шынықтыру пәні кезінде таңертеңгі жаттығудан кейін өзінің мазасызданып тұрғанын айтады. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оны жеке кабинетке апарып, бұл жайлы мектеп дәрігеріне хабар береді. Мектеп дәрігері алғашқы жәрдем көрсеткеннен кейін ата-анасына (хабар беріп – ред.) және жедел жәрдем шақырады. Ата-анасы да, жедел жәрдем де келді. Ауруханаға алып кетті. Ауруханада сол жердің мамандарының тексеруінде болған екен. Ол жағын біз анық білмейміз. Тек ертесі, 20 қараша күні таңертең хабарласқанымызда, баланың қайтыс болғаны туралы мәлімет естідік. Кейін анасынан алған дәрігерлердің қорытынды сараптамасының негізінде жедел өкпе-жүрек жеткіліксіздігі диагнозынан қайтыс болғаны туралы білдік. Мендегі мәлімет осы.

- Қазір лицейде полиция тергеу жүргізіп жатыр ма?

- Иә, камераларымыздың бәрін көріп, мән-жайды анықтап жатыр. Тергеу қорытындысынан кейін соңғы сөзді солар айтады.

Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, алғашқыда оқушыда пневмонияның симптомсыз түрі болған деген болжам айтылған. Алайда, ол диагноз расталмапты.