«Үш адамның жұмысын істеп жүрміз»: Инфекциялық аурухана қызметкерлері жалақысы керісінше азайып бара жатқанын айтты
Медбикелер коронавирус өршіген тұста да үстемақыдан қағылғанын айтады
Елордадағы инфекциялық ауруханада маман тапшы. Соның салдарынан бір қызметкер үш адамның жұмысын істеп жүр. Ал алатын жалақылары 100 мың теңгенің айналасында. Олар мемлекеттік мерекелерде сыйақыдан қағылғанымен қоймай, ай сайын жалақысының кеміп бара жатқанын айтып, мұңын шақты. Мұндай ауыртпалық ауруханадағы орта және кіші санатқа жататын медицина қызметкерлеріне түсіп отыр екен.
Мәселенің мәніне келсек, Қалалық инфекциялық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен, оның инфекциялық бөлігі жазда уақытша қала сыртындағы Фтизиопульмонология орталығының «Г» блогына көшірілген.
Қызметкерлердің айтуынша, жұмыстағы қиыншылықтың бәрі осы жаңа орынға көшіп келгеннен кейін пайда болған. Себебі, бұл жаққа қатынайтын жалғыз автобус – 22А бағытындағы қоғамдық көлікпен жұмысқа келу қиын. Автобуспен жету қиын болған соң қызметкерлер 4-5 мың теңгесін таксиге жұмсауға мәжбүр.
Бір ғана санитар үш адамның жұмысын істеп жүргенін айтады. Осы мекемеде 20 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Ольга Карабкулова негізгі санитарлық жұмысынан бөлек, басшылықтың өтінішімен сырттағы қоқыс пен қар тазалау жұмысына дейін жауапты.
Медбикелердің де жағдайы шарықтау шегіне жеткен. Олардың айтуынша, заң бойынша тиесілі зиянды жағдайдағы қызметі үшін жалақысына қосып үстемақы төленуге тиіс. Бірақ басшылық жалақысына қосып берудің орнына, ай сайын табысының бір бөлігін қиып тастап отырғанын айтады. Осы жерде ұзақ жыл қызмет етіп келе жатқан медбике Жансұлу Селеубаеваның айтуынша, мұндағы орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлерінің сыйақы көрмегеніне жылға жуықтаған.
Медбикелер шын мәнінде жағдайдың қандай күйге жеткенін айтып отырса да, Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өз шындығы бар. Басқарма артық істеген сағаты мен зиянды жағдайдағы жұмысы үшін 20% үстемеақы төленіп отырғанын айтты.
Инфекциялық блоктың материалдық жағынан қамтылу да нашарлаған. Оны науқастардың астына төсейтін шүберегі мен жастықтарының тозып бара атқанынан байқауға болады.
Мекеменің қаржылық жағдайының шатқаяқтауы кеше-бүгін пайда болған мәселе емес сыңайлы. Медбике Анна Калуцкаяның айтуынша, олар коронавирус пандемиясы өршіген тұста да ақ халаттыларға тиесілі үстемеақыдан қағылған. Ал қалалық басқарма нақ сол пандемия кезіндегі жұмысы үшін бәріне 140% үстемеақы төленді деген өз нұсқасын жеткізді.
Тіпті, биыл мемлекеттік мерекелер тізіміне қайта енгізілген Республика күнінде де бұл қызметкерлерге ешқандай сыйақы қарастырылмапты.
Қалалық басқармадағылар мекемеге қызметкер жетіспей жатқанын мойындап отыр. Себебі, жұмыспен қамту орталығына медқызметкерлер мен техникалық қызметкерлер қатарын толтыру үшін өтініш беріп қойған.
Сондай-ақ, басқармадағылар алдағы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай барлық қызметкерге сыйақы қарастырылып отырғанын хабарлады. Ал қоғамдық көлік жайына келсек, әзірге қала әкімдігі бұл мәселенің қарастырылып жатқанынан бөлек ештеңе айта алмайды.