Қазір тергеушілер үш мыңға жуық қылмыстық істі қарап жатыр
Ішкі істер органдары Қаңтар оқиғасы бойынша 174 күдіктіге қатысты қылмыстық істі айыптау актісімен аяқтады. Оны бүгінгі брифингте ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілері 2997 қылмыстық істі қарап жатыр. Ол істер бойынша күдікке ілінген 194 адам күзетпен ұсталған. Оның ішінде 152-сі тәртіпсіздік барысында ұрлық жасағаны, 22 адам қаруды заңсыз сақтағаны және 24 адам қаруды ұрлағаны үшін қамауға алынған, – дейді Әділов.
Ал жаппай тәртіпсіздік барысында 1502 бизнес нысанына шабуыл жасалып, соның ішінде 1360 сауда орны мен дүкен, 36 банк кеңсесі мен көшедегі банкомат, 31 қоғамдық тамақтану орны, 26 ломбард, 21 жанармай станциясы, 6 базар, 4 валюта айырбастау пункті, 3 дәріхана, 1 автосалон мен стоматология, ателье сынды басқа да кәсіпкерлік нысандарына залал келген.
«Полицейлер жалпы құны 288 млн теңдеген асатын ұрланған мүлікті қайтарды. Барлық қылмыстық іс бойынша 1,5 мыңнан аса жеке және заңды тұлға жәбірленуші ретінде танылып, 12 мыңнан астам азаматтан куә мен жәбірленуші ретінде жауап алынып, 2200 сот сараптамасы тағайындалды», – дейді ІІМ өкілі.
Ол қайтарылған қарудың жалпы саны 1069-ға жеткенін айтады. Оның ішінде 123 автомат, 231 тапанша, 263 тегіс ұңғылы мылтық, 84 бірлік кесілген қару, 168 граната, 9 гранатомет пен 2 пулемет бар. Одан бөлек жұрттан 21759 оқ-дәрі алынды. Ал азаматтардың өз еркімен тапсырған қаруының саны 100-ден асады.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.