×

Түймебаев берген үй де жоқ. Еліміздегі ең жас көпбалалы ана 6 баласын мектепке жібере алмай дал (ВИДЕО)

Ал ішімдікке салынып кеткен күйеуі үйіне қарамайтын көрінеді

 Еркеғали Болатұлы 20.11.2022 | 10:00
Фото: inbusiness.kz

Түркістан облысының Леңгір қаласында еліміздегі ең жас көпбалалы ана тұрады. 9 баланың анасы Жазира Тұрғынова мектепке баратын 6 баласының киімі жоқ екенін айтып, көмек сұрады, КТК телеарнасының «Дау-дамайсыз» бағдарламасында.

Жазира Тұрғынова 2019 жылы Астанада өткен жастар форумында сөз сөйлеп, ең жас көпбалалы ана ретінде мадаққа ие болған. Ол 17 жасында тұрмыс құрып, 10 жылда 7 бала туған. Балаларының ең үлкені 8-сыныпқа барса, кішісі 3 жасқа толмаған. Ал ішімдікке салынып кеткен күйеуі үйіне қарамайтын көрінеді. Әкімдік ұсынған жұмысқа да кірмеген.

Күйеуі де, өзі де жұмыс істемеген отбасыға сол кездегі Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 4 бөлмелі баспана берген. Алайда онда құрт-құмырсқа қаптап, отбасы оны сатуға мәжбүр болыпты.

Арада 3 жыл өткен соң, балаларына әкімдік тарапынан мектеп формасы мен 37 мың теңгелік көмек те көрсетілмеген. Сондай-ақ балаларының біреуіне ғана ыстық тамақ ішуге рұқсат беріліпті.

Тұрғын үй тіркеуі жоқ болғасын атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. АӘК алмағандықтан, мектеп формасы да, ыстық тамақ та жоқ. Күні-түні жұмыс істеймін. Күндіз сұлулық салонында жұмыс істеймін, кешке тойханаларда ыдыс жуамын. Барлық табыс, льготаны қосқанда 110 мың теңгедей болады, бірақ онымен 9 баланы асырау мүмкін емес, – дейді көпбалалы ана.

Ал балалары әкесінің жиі үйде болмайтынын, соңғы рет екі апта бұрын көргендерін айтып отыр. Қазір тұрып жатқан үйлерінің қабырғалары қақырап, төбесі де құлағалы тұр екен.

Әйелдің көршілері балалардың қашан көрсе де қараусыз жүретіндерін, сабаққа бармай, дала кезетіндерін алға тартқан. Оған анасының жұмысбастылығы себеп. Балалардың 1 айдай сабаққа келмегендерін мектеп директоры да растап отыр.

Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бегайдар Адамбекұлы өзі жаңадан келгендіктен, бұл мәселеден бейхабар екенін жеткізді. Олар балаларды қамқорлыққа алу үшін мектеп-интернатта оқытуды ұсынып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама