Қамаудағы 199 күдіктіге бұлтартпау шарасы өзгертілді
Прокурорлар мен құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыс жасады деген күдікпен тергеу изоляторларында отырған 751 адамның жай-күйін күн сайын тексереді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты.
«Күдіктілер отырған үй-жайларды күн сайын прокурорлар ғана емес, құқық қорғау ұйымдары да тексереді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, үйлестіру кеңесінің мүшелерімен және ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен бірлесіп барлық өңірлерде тергеу изоляторында, уақытша ұстау изоляторында және арнайы қабылдау орындарында 118 кездесу өткізді», - деді Елдос Қилымжанов.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура өкілі бұрын таңдалған бұлтартпау шараларын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Жеке басын, денсаулық жағдайын және тергеуге көрсетілген көмекті ескере отырып, 199 күдіктіге «қамауда ұстау» шарасы «ешқайда кетпеу туралы» қолхатқа, «кепілге», «үйқамаққа алуға» және «жеке кепілгерлікке» ауыстырылған.