Семейде автобус өртенді (ВИДЕО)

Динара Амантай

Зардап шеккендер жоқ

Фото: Halyq Uni

Абай облысы Семей қаласында автобус өртенді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 18 қараша күні сағат 14.40-та Абай облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының «102» арнасына Семей қаласы Әуезов даңғылында автобустың өртеніп жатқаны туралы хабарланған.

Мән-жайларды анықтау барысында аталған автобустың қаладағы бір ұйымға бекітілгені және қоғамдық тасымалдауға ешқандай қатысы жоқ екені анықталды.

Анықталғандай, қозғалыс кезінде жүргізуші мен жолаушылар қозғалтқыш бөлігінен түтін шыққанын көрген. Жүргізуші көп ойланбай нұсқаулыққа сәйкес әрекет ете бастайды, үш жолаушыны эвакуациялауды қамтамасыз етіп, содан кейін өрт сөндірушілер бригадасын шақырады. Олар келгенге дейін өртті өздігімен сөндіруге тырысқан. Тілсіз жаудың шығу себебін сараптама анықтайды.

Полицейлер құтқарушылар келгенге дейін оқиға орнын қоршауға алды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлытау облысында 19 жолаушысы бар автобус аударылып қалғанын хабарлаған болатынбыз.