Күйеуім мені мүгедек қылды дейді әйел
«НеМолчиKZ» қорының басшысы Дина Таңсәрі Instagram-дағы парақшасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан әйелін бірнеше рет ұрып-соққан полицейді жазалауды сұрады.
Оның айтуынша, 4 қарашада қызылордалық полицей жүкті әйелін құтымен басынан ұрып, буындырған.
Күйеуім мені мүгедек қылды. Бір аяғым мүлдем баспайды, омыртқам зақымданды. Оның үстінен «Суицидке итермелеу» деген бапқа сай іс қозғаған. Бірақ бұл суицидке түрткі болатын жағдай емес. Ол мені өлтіргісі келді. Кілттердің бәрін алып кеткендіктен үйден шыға алмадым. Амал жоқ, терезеден секірдім, – дейді зардап шеккен әйел видеода.
Оның айтуынша, күйеуі зейнетке шыққан полиция полковнигінің баласы екен. Сол себепті, жазадан жалтарып кетуі де мүмкін.
Күйеуі әйелін мүгедек қылып, дым болмағандай іссапарға кетті. Біз полицияда зорлықшылар, абьюзерлер жұмыс істемесе екен дейміз. Осы отбасын қолдауды өтінеміз. Олар – Шиелі аулынан шыққан, ақшасы мен байланыстары жоқ адамдар, – дейді Дина Таңсәрі.
Ал қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабына («Суицидке түрткі болу») сай соталды тергеу мен қызметтегі тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.