Halyq Uni логотип
×

Сайлауалды тыныштық күнінде қазақстандықтар нені ескеруі қажет

20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді

 Халық үні 19.11.2022 | 00:00
Сайлауалды тыныштық күнінде қазақстандықтар нені ескеруі қажет
Фото: sputnik.kz

19 қараша – сайлауалды тыныштық күні. 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

«Сайлау туралы» заңның 27-бабына сәйкес, сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген кезде басталып, сайлау болатын күннен бір күн бұрын жергілiктi уақыт бойынша 00:00-де аяқталады.

Сондай-ақ заңда сайлау болатын күні және сайлаудан бір күн бұрын кез келген үгітке тыйым салынатыны айтылған. Алайда дауыс беруге арналған учаскелерде және басқа да жерлерде ілулі тұрған үгіт-насихат материалдары сол орнында қалады.

Интернет желісінде бұрын жарияланған үгіт материалдарын қалдыруға болады. Алайда ол материалдарды интернет-ресурстардың басты бетіне шығаруға тыйым салынған, - делінген заңда.

2022 жылдың 20 қарашасында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Қазақстандықтар 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады. Сайлаушылардың жалпы саны 11 950 485 адам. 

Шетелде жүрген қазақстандықтар да дауыс бере алады. Ол үшін Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанынан 53 шет мемлекетте 68 сайлау учаскесі құрылды.

Шетелде де сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша таңғы жетіден бастап ашық болады.

САЙЛАУШЫ НЕНІ БІЛУГЕ ТИІС

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Азаматтар сайлауға өз еркімен қатысады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге болмайды.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Азамат өз сайлау учаскесін мына сілтемеарқылы біле алады.

ДАУЫСТАРДЫ САНАУ

Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмесе, дауыс санау жергiлiктi уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Ал дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталуы қажет.

«Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытынды осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап 12 сағаттан аспауға тиiс», - делінген Сайлау туралы заңда.

Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама