Алматыдағы Президент резиденциясы сүрілетін болды
Тоқаевтың шешімі бойынша, оның орнына саябақ салынады
Қаңтар оқиғасы кезінде бұзақылар мен лаңкестер өртеп, қиратқан Алматыдағы Президент резиденциясы сүріледі. Оның орнына саябақ салынады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен қаңтар оқиғасы кезінде бұзақылар және лаңкестер өртеп, қиратқан Алматы қаласындағы Президенттің қызметтік резиденциясы сүрілетін болды. Оның орнына қала тұрғындары үшін саябақ салынады, – деп жазды Берік Уәли.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.