Көрерменді Кремльдің насихатшыларының хабарлары жалықтырып жатыр
Ресейлік көрермендер Кремльдің насихатшылары Владимир Соловьев пен Ольга Скабееваның хабарларынан жалыққандарын байқатып жатыр. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Ресейдің мемлекеттік насихатының «жұлдыздары» өше бастады. Mediascope-нің 7-13 қараша аралығындағы мәліметтері бойынша, Владимир Соловьевтің арнасы мен Ольга Скабееваның «Россия-1» арнасындағы ток-шоулар көрермен аудиториясын қамту жағынан алғашқы 10-топ бағдарлама қатарынан ұшып кетті, – делінген хабарламада.
Сәуірдің аяғында көрермендерді «нацистердің» тез арада күйреуге ұшырайтынын айтып сендіріп жүрген «Вечер с Владимиром Соловьевым» бағдарламасы алдына тек жаңалық бағдарларламаларын ғана салып, 4-орында берік тұрған еді. Ал көрермендерге Ресей ракеталарының соққылары Еуропа елдері астаналарының бәріне емін-еркін жете алатынын мақтана жеткізіп жүрген Скабееваның «60 минут» бағдарламасы ондықтың соңғы шебі болатын.
Бірақ жақында Херсонды тастап шығуға апарып ұластырған соғыстағы жеңілістер сериясы мен президенттің осы оқиғаларға байланысты ләм-мим деп тіл қатпауы Кремль насихатшылары талпыныстарының бәрін жоққа шығарып, өздерінің беделдерін күрт төмен түсіріп жіберді. Сөйтіп, Соловьевпен және Скабеевамен бірге «Первый каналдың» барлық бағдарламалары, соның ішінде «Время» бағдарламасы да рейтингтің «ондығынан» ұшып кетті. Олардың орындарын «Ну-ка, все вместе!», «Привет, Андрей!» және «Песни от всей души» ойын-сауық шоулары басты.
Рейтингтерінің түсіп кетулеріне жауап ретінде Кремль кейбір мемлекеттік БАҚ-тарға соғыстағы сәтсіздіктерді мойындауды бастауға нұсқау берген көрінеді. Bloomberg-тің мәліметі бойынша, президент Владимир Путин қазан айында әскери тілшілермен астыртын кездесу өткізіпті. Осыдан кейін пропагандистердің қоржынына бірқатар жаңалықтар енген сияқты.