Ол үшін қала тұрғындары қол жинауы керек
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исаев халық қолдаса, Талдықорғандағы Назарбаев көшесінің атауын өзгертуге дайын екенін және бұрынғы президентке арналған ескерткішті жөндемейтінін мәлімдеді, деп хабарлады ҚазТАГ.
Әкімнің айтуынша, оның орнына Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылады. Қазір Алматыда жасалып жатқан ол ескерткіш бір-екі айдан кейін дайын болады екен. Биіктігі – 9 метр, ал құны 300 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Әкім ескерткішті Талдықорған қаласының орталығына орнату қажеттігін айтса, жергілдікті тұрғын оны Абай көшесіне қоюды ұсынған. Сондай-ақ ол Назарбаев көшесінің атауын алып тастап, бұрынғы «Тәуелсіздік» атауын қайтару керек деген.
Бейбіт Исаев бұл ұсынысты жұрттың көбі қолдап жатса, құлақ асуға дайын екенін айтты. Ол үшін қала тұрғындары қол жинауы керек.