Жатақхана орнына қонақүй: Алматыда зейнеткер жылу мен жарық жоқ нысанда тұрып жатыр
Гүлсара Жарасбаева 20 жылдан бері жатақханада тұрады
Алматы қаласында зейнеткер қаладағы жатақханалардың бірінде жарты жылға жуық уақыттан бері жарық пен жылу жоқ бөлмеде тұрып жатыр.
Наурызбай ауданының тұрғыны Гүлсара Жарасбаева 2022 жылдың мамырынан бері осындай жағдайда өмір сүріп жатқанын айтып шағымданды.
«Таусамалы» шағын ауданындағы бұл жатақхана «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ға тиесілі. Биыл бұл жерде жөндеу жұмыстары жүргізілетіні хабарланған. Содан кейін жарықты өшіріп, азаматтардан жатақхананы босатуды сұраған.
Содан кейін екі қабатты жатақханадан 35 адам көшіп кеткен. Ал қазір мұнда баратын жері жоқ 3 отбасы ғана қалған.
Гүлсара Жарасбаева кейінгі 20 жылда осы жатақханада тұрады.
Halyq Uni тілшісі жатақханаға барып, зейнеткердің жағдайын біліп қайтты. Жылу жоқ пәтерде тұрып жатқан зейнеткер 13 жыл бойы институттың күзетшісі болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан.
«Бастапқыда жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деді. Алайда кейіннен жалға алушылар келіп, бұл жердің қонақүй болатынын айтып, босатуды талап етті. Терезелерді сындырып, қабырғаларды бүлдіріп, тұрғындардан шығуды талап етті. Ал мен сотқа беретінімді айтып, пәтерімнің терезесін сақтап қалдым. Ғимаратты жалға алған адам осы жерге күзетші қалдырып кетті, арасында оның бөлмесіне барып жылынып аламын», - дейді Гүлсара Жарасбаева.
Айтуынша, жертөледегі бөлмелердің ішінде жөндеу жұмыстары басталды. Ол жерде қазір қалдық үйіндісі жатыр.
«Қора сияқты... Ешқандай жағдай жасалмаған жерде тұрып жатырмыз. Егер бұл жер жекеменшікке өтіп кетсе, неге бізді үймен қамтамасыз етпейді? Біз неге далада қалуымыз керек?», - дейді алматылық.
Бұл жағдайға қатысты Наурызбай ауданы әкімдігі де пікір білдірді. Әкімдіктің хабарлауынша, жатақханада тұру мерзімі аяқталғаннан кейін тұрғындар ол жерден шығарылған.
«2022 жылдың 9 сәуірінде жатақхананың тұрғындарына осы жерде тұруға жасасқан келісімшарттың мерзімі аяқталғаны және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жатақхананың жабылғаны хабарланды. Содан кейін 35 адам жатақханадан өз еркімен кетті. Қалған 3 тұрғын үйден шығуға келіспеді және наразылық білдірді. Көшіру шараларын қабылдау үшін электрмен жабдықтау өшірілді», - деп хабарлады аудан әкімдігі.
Жатақхана меңгерушісі екі жақты келісімшарт 2022 жылдың 30 сәуірінде аяқталғанын хабарлаған.
«Тұрғындардың өтініші бойынша Наурызбай ауданы әкімінің аппараты институт басшылығымен бірлесіп жатақханаға электр қуатын қосу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр», - деп толықтырды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты Әуезов ауданында орналасқан. Институт Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарайды.
Мөлдір Бегімбет, Алматы қаласы