×

Биыл Атырауда 311 этникалық қазақ қандас мәтебесін алды

Өңірге шет елдерден 252 отбасы қоныс аударған

 Динара Амантай 17.11.2022 | 14:24
Коллаж: Halyq Uni

Биыл Атырауда 311 этникалық қазақ қандас мәтебесін алды. Бұл туралы өңір әкімдігіне қарасты шетелдік жұмыс күшін тарту және көші-қон бөлімінің басшысы Мейрамбек Алдияров мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, осы жылы Атырау облысына шет елдерден 252 отбасы қоныс аударған. Өзге елден өз туған жерлеріне оралған қандастарымыздың барлығы қандас мәртебесін алды.

Қандастарымыз әлемнің түкпір-түкпірінен өз елдеріне оралып жатыр. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері Атырауға 15 мыңнан аса этникалық қазақ оралған. Бүгінде олардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Елге оралған этникалық қазақтардың осы жерде қалып, азаматтық алуына мүмкіндік беру мақсатында 1 жылға қандас мәртебесі беріледі. Осы аралықта этникалық қазақтар ҚР азаматтығын алып үлгермесе, берілген қандас мәртебесін 6 айға тек бір рет ұзарту қарастырылған. Бүгінде елге оралған 43 қандас үй кезегінде тұр. Ал жұмыспен қамту мәселесі бойынша 3 қандас хабарласып, тұрақты жұмысқа орналасты, – деді Мейрамбек Алдияров.

Айта кетсек, қандас мәртебесін алуға үміткер этникалық қазақ, жергілікті атқарушы органға немесе мемлекеттік корпорацияға барып қызмет алады. Құжаттарды қараудың және қандас мәртебесін берудің жалпы мерзімі 4 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Еске сала кетсек, бұған дейін БҚО-да Ресейден келген 227 этникалық қазақ қандас мәртебесін алғанын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама