Қазақстан мен Өзбекстан футболды бірігіп дамытуды қолға алды
Екі елдің спорттағы ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойылды
Ташкент қаласында Өзбекстан футбол қауымдастығының бірінші вице-президенті Равшан Ирматов пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов кездесіп, Орталық Азияда футболдың дамуына ықпал ететін үлкен синергияны құру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат федерациялар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, Орталық Азиядағы футболды насихаттауға, дамытуға, барлық санаттағы ұлттық құрамалардың жолдастық матчтарын ұйымдастыруға және меморандумға қол қойған елдерде өткізілетін халықаралық турнирлерге қатысуға арналған.
Меморандумға сәйкес, тараптар жаттықтырушыларды, төрешілерді және футбол мамандарын оқыту бойынша білім беру семинарларын өткізіп, сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға қолдау көрсететін және спорттық іс-шаралар бағдарламаларын дайындайтын болады.
Өзбекстанда футбол қарқынды дамып келеді. Бүгінде Өзбекстан құрамасы Азиядағы ең мықты командалардың бірі болып саналады. Соның бір дәлелі ретінде Өзбекстанның әлем чемпионатының соңғы іріктеу турнирінде өз тобында 2-орын алғанын айтуға болады.