×

Меркідегі жылқы дауы: сотта жеңілген жеке компания әкімдіктің үстінен тағы шағым түсірмек

«Луговой жылқы зауыты» ЖШС аудан әкімдігінен 32 миллион теңге сұрап отыр

 Ұлдана Жұбай 17.11.2022 | 13:14
Halyq Uni

Жамбыл облысындағы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС ұжымы Меркі ауданы әкімдігімен соттасып жатыр.

Жылқы баптайтын мекеме шекарада контрабандалық жолмен тәркіленген 60-қа жуық жылқыны 3 жылға жуық уақыт баққан. Аудан әкімдігімен келіскен шаруашылық бұл қызметі үшін ақы алмаған.

Кәсіпкерлер әкімдіктің қызмет ақысын төлеуден бас тартып отырғанын айтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

2019 жылдың наурызында Меркі шекарашылары контрабандалық жолмен тәркіленген бір үйір жылқыны «Луговой жылқы зауытына» әкелген. Бастапқыда 1-2 ай бағуды сұраған, бірақ мың күндей мамандар күтіп баптаған.

«Луговой жылқы зауыты» ұжымы сол кезде әкімдік және шекара қызметімен жылқыларды уақытша ұстау бойынша үш жақты меморандумға отырады. Жылқыны 2021 жылдың желтоқсанына дейін бағады.

Серіктестік осы аралықта әкімдік 56 жылқы үшін 32 миллион теңге төлеуге тиіс деп бағалаған.

Жұмысшылардың еңбекақысы бар, жем-шөбі тағы бар. 2020-2021 жыл өте қиын жыл болды. Сол қиын кезеңде бір үйір жылқыны бағып бердік. Осыны ескеруге тиіс. Меркі ауданы әкімдігінің ұяты болуы керек қой. Жылқыны баққанымыз үшін ақысын төлесін, - дейді «Луговой жылқы зауыты» ЖШС қаржы директоры Шыңғыс Сәрсенбай.

Меркі әкімдігі бір үйір жылқыны аудан бюджетіне қабылдау туралы сот шешімін 2021 жылы қарашада ғана алған. Бірақ жылқыны алып кетуге барғанда серіктестік аумағында болмай шыққан.

ЖШС әкімшілігі жарты жыл бойы жылқыны бермеген, әкімдік оны сот орындаушысы арқылы алған. Содан кейін олар әкімдікті сотқа берген, бірақ жұмсаған жем-шөбін дәлелдей алмаған.

«Жылқыны уақытында тауып бермеді. Ол кісілерден бір үйір жылқыны 2022 жылдың 8 сәуірінде бір-ақ алдық. Құмда тұр, басқа жақта тұр деп әбден созды. Сот барысында сараптама тағайындалды. Жұмсаған жем-шөбінің есебі сұралды. Сараптаманың қортындысы бойынша дәлелді құжаттар ұсынбағандықтан «Луговой жылқы зауытының» талабын сот қанағаттандырмады», - дейді Меркі ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов.

Алайда аудан әкімдігі сотта көрсетілген соманың белгілі бір бөлігін төлеуге келіскен. Осы тұста сот қарсы тараптың дәлелі жеткіліксіз деп таныған.

«Жылқыны баққан 4 айға 8,1 миллион теңге кетеді деп есептеп, сотқа ұсындық. Сот процесі барысында жылқышыға ең төменгі жалақы 42 мың теңге жалақы төлеп бермек болдық. Алайда судья жылқының жем-шөбіне қатысты дәлелдің жеткіліксіз екенін айтып, ұсынысты қабыл алмады»,- дейді қаржы бөлімінің басшысы.

Әкімдік сот процесінің созылуына байланысты «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-ның жылқыны баққан уақыты үшін жауапты емес екенін жеткізді.

Сондай-ақ әкімдік жылқыларды 2022 жылдың маусымында аукцион арқылы 18 миллион теңгеге сатып жіберген.

Компания 2 жыл 9 ай бойы еткен еңбегі еш кеткенін айтып, сотқа апелляциялық шағым түсіргелі жатыр.

Айта кетейік, Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі 2022 жылдың қазанында шықты. Шешім аудан әкімдігі пайдасына шешілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама