×

«20 мыңға жуық грант игерілмей қалды»: Оқушыларға кім бағыт-бағдар береді

Биыл 75 мың грант бөлінген

 Айнұр Шошаева 17.11.2022 | 11:21
Фото: Halyq Uni

Биыл елімізде 75 мың білім гранты бөлінді, алайда оның 20 мыңға жуығы игерілмей қалған. Мамандар мұны Қазақстандағы кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмысының жеткіліксіздімен байланыстырады, деп хабарлайды Halyq Uni
 
Қазақстанның студенттер альнянсы екі жылдан бері оқушыларға кәсіптік бағыт-бағдар беру жобасын жүзеге асырып жатыр. Ол үшін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан мемлекеттік грант алды. 
Студенттер альянсының жетекшісі Ілияс Түстікбаевтың айтуынша, биыл 26 мың оқушыға кәсіптік бағдар берілген. 

«Мамандық таңдауды мектеп бітірерде ғана ойлаймыз. Зерттеулердің нәтижелері кәсіптік бағдар беру жұмысы 7 сыныптан басталуы керек екенін көрсетіп отыр. Ашығын айту керек, бұл жұмыстар бізде республика бойынша жүргізіліп жатқан жоқ. Біздің жобамыз екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатыр. Биыл 26 мыңнан астам мектеп оқушысы қамтылды, былтыр 15 мың оқушымен мамандықты таңдауда қалай қателеспеу керек деген тақырыпта кездесулер өткізді», – деді ол. 

Жоба аясында ЖОО мен кәсіпорындарға экскурсия өткізіліп, оқушыларға әр саланың артықшылығы туралы айтылады. 

Қазір мектептер мен ЖОО-да кәсіптік бағдар беретін мамандар жоқ. Сол себепті мектеп психологтарын кәсіптік бағдар беруші маман ретінде қайта даярлауға бағытталған штаттар ашу мақсатында кездесулер өткізіледі. Өйткені психологтардың оқушылармен ҰБТ тапсыру, ата-анамен қарым-қатынас, мамандық таңдауда қателеспеу тақырыбында сөйлесу маңызды, – дейді Түстікбаев. 

Елімізде кәсіптік бағыт беретін «Bagyt» мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымшада мектеп оқушылары, колледж студенттері мен ЖОО бітіруші түлектерге арналған ақпарат бар: гранттар, стипендия, ЖОО, жұмыспен қамту орталықтары және т.б. Қазір мобильді қосымшаны жасау жұмысы аяқталып жатыр. Жоба авторлары аталған құрал интернет ұстамайтын жерде жұмыс істей беретінін атап өтті. 

«Мектептер оқушыларды оқытып, жіберуді ғана көздейді. Ал университеттер кәсіптік бағдарды тек өздеріне студент жинау үшін ғана жүргізеді. Біздің жобаның артықшылығы – белгілі бір университет пен мамандыққа бағыттамаймыз, жалпы еліміздің еңбек нарығының қажеттіліктері бойынша жұмыс істейміз. Мен Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы мемлекеттік гранттарды бөлу бойынша комиссияның мүшесімін. Былтыр  55 мың грант, биыл 75 мың грант бөлінді. Яғни, әр екі оқушының біреуі грантқа түсу керек дегенді білдіреді. Бірақ биылғы гранттың 15-20 мыңға жуығы игерілген жоқ. Көптеген жастар мұғалім, дәрігер, заңгер, бухгалтер, жергілікті басқару сияқты мамандықтарға барды. Ал кәсіпорындарда жұмыс істейтін, ауыл мен ауданға қажетті мамандықтарға бармайды», – деп толықтырды спикер. 

Оның пікірінше, мамандықты дұрыс таңдап, еңбек нарығындағы жұмыссыздықтың алдын алу үшін әр облыстың кәсіптік бағдарының атласын әзірлеу қажет.

Еңбек нарығын алып қарасақ жалпы ақпарат беріледі. Алайда әр өңірдің экономикалық жағдайын жеке зерттеп, даму стратегиясын құру керек деп ойлаймын. Мәселен, республика дейгейінде бізге роботехника немесе заңгерлер қажет деп айта алмаймыз. Себебі оларға бір облыста сұраныс болуы мүмкін, ал екінші бір облысқа қажет емес шығар.  Сондықтан әр облысты зерттеп, кәсіби бағыт-бағдар жұмысына арналған атластар жасау керек. Әр атласта облыстағы бала туу көрсеткіші, мектеп оқушылары, колледж бен ЖОО студенттері қанша, көші-қон, сырттан келетін жұмыс беруші компанияларды ескеріп, әр өңірдің стратегиясын әзірлеген соң айта аламыз, – деді ол. 

Сонымен бірге, Ілияс Түстікбаев соңғы жылдары ел жастары педагогикалық және медициналық мамандықтары көп таңдап жатқанын айтты. Бұл аталған мамандыққа төленетін шәкіртақымен байланыстырады. 

«Соңғы жылдары мектеп түлектері мұғалім мен дәрігер мамандығын көп таңдап жатыр. Себебі онда грант көп, сондай-ақ шәкіртақы сомасы екі есе артық. Яғни материалдық жағдайға қарайды және оқуын аяқтаған соң жұмыс табуға көмектеседі. Қалған салаларда ондай ерекшелік жоқ. Мәселен, басқа мамандықта оқитын болса, үш жыл жұмыс істеп мемлекеттік грантты өтеу керек деген талап бар. Алайда жұмысқа қайда барады, оған бағыт бермейді», – деп қорытындылады Ілияс Түстікбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама