Суды бір рет ауыстыру үшін 7 млн теңге қажет
Ақтөбе қаласындағы «Достық» спорт кешеніндегі бассейнде су 5 жыл бойы ауыстырылмаған. Бұл жерде жасөспірім спортшылар жаттығады. Ата-аналарының айтуынша, судағы хлор мөлшерінің көптігінен оған түскен балалардың үсті бөртіп, жөтел пайда болып, аллергиялық дертке шалдыққан.
Бассейнге 5 жылдан бері 800-ден аса бала түсіп, жүзу спортымен айналысып келеді. Мұнда жарыстар да жиі өтіп тұрады. Еске сала кетсек, биыл суда жүзу бойынша өткен жарыста 12 баланың жағдайы нашарлап, ауруханаға түскен болатын. Сол кезде барлығы реактивті затпен уланып қалды деген болжам айтылды. Одан кейін судан сынама алынып, арнайы тексеру басталды.
Қараша айының басында жүргізілген тексерістің нәтижесінде судың соңғы рет 2017 жылы ауыстырылғаны белгілі болды.
Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің бас маманы Әділбек Ділжановтың айтуынша, суды бір рет ауыстыру үшін 7 млн теңге қажет.
«Бассейндегі суды соңғы рет 2017 жылы ауыстырған. Өйткені бұл қымбатқа түседі. 7 миллион теңге. Жалпы бассейнде сүзгілер үздіксіз жұмыс істеп тұр. Сондықтан ол суға түсуге болады. Тағы да сынама алдық, енді соның нәтижесін күтеміз», – деді ол.