Мұны кәсіп көзіне айналдырып алғандар арнайы агенттік ашып алған
Бір сағаттық әке! Елімізде ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйелдер тарапынан осындай қызмет түріне сұраныс артқан. Олар, баласын нағыз ер азамат етіп тәрбиелеу үшін бөтен ер азаматтың көмегіне жүгінеді. Бұл бала психологиясына керісінше, теріс әсерін тигізбейді ме? Психологтар не дейді? Бұл туралы Астана телеарнасысын сюжетінде көрсетілді.
Әлеуметтік желіде «Бір сағатқа әке боламын» деген жазбаны көрсеңіз, таң қалмаңыз! Себебі бұл – жаңа қызмет түрі. Тіпті, мұны кәсіп көзіне айналдырып алғандар арнайы агенттік ашып, оны ғаламторда жарнамалап жүр. Құрамы 2-3 ер адамнан тұратын топ «бала жайлылығы үшін барлығын жасаймыз» – дейді.
«Әке» боламын дегендердің біріне телеарна тілшілері де хабарластық.
Елімізде әрбір төртінші жанұяның дәм-тұзы жараспай, жолы екіге бөлінеді. Мәселен, жыл басынан бері 48 мыңнан астам жұп ажырасқан. Бұл - Ұлттық статистика бюросының мәліметі.
Ажырасуға арыз беретіндердің дені – жастар. Әсіресе, үйленгендеріне 1-2 жыл болған ерлі-зайыптылардан түсетін арыз көп. Біз, әрине, олармен сөйлесеміз. Татуластыруға тырысамыз,- дейді Астана қаласы татуласу орталығының психологы Жұлдыз Ахметова.
Қазақстанда 600 мыңнан астам жалғызбасты ана бар. Жағдай осылай жалғаса берсе, бір сағаттық әке қызметіне жүгінетіндер де көбейе түспек. Сондықтан мұны дер кезінде тоқтату керек – дейді қоғам белсендісі.
Бұл нәрсеге мен өзім қарсымын. Себебі, біздің атамыз қазақ. кезінде мұндай жағдайлар орын алған кезде ол баланы сол әулеттің үлкендеріне, болмаса сол әулеттің нағашы жақтарындағы үлкен азаматтарға солардың тәрбиелеуіне берген,- дейді қоғам белсендісі Ғалымжан Керімбек.
Ал психологтар жалдаған қызметкердің психологиялық саулығына ерекше мән беру керек дейді. Егер оны толық зерттеп, зерделемесе бұл бала психологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін.
12 жасқа дейін балада психика қалыптасады. Одан кейін міндетті түрде «мен басқа ер адамдардан қолдау алуым керек» деген психикалық бұзылыс пайда болуы мүмкін. Және болашақтағы адамдарға сенбеушілік, өзіне деген сенімсіздік, осындай психикалық құбылыстар пайда болуы мүмкін, дейді психолог Анаргүл Ибрайымбекова.
Елімізде жалғызбасты әке де көп. Ресми дерек бойынша, олардың саны - 68 мыңнан асады. Бұл -моно-отбасылар көбейіп жатыр дегенді білдіреді. Алаңдайтын мәселе!