Оның ата-анасы 15,9 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін
Өскеменде 6 мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат берген оқушы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, биыл 8 қарашада Өскемен қаласы білім беру бөлімінің электрондық мекенжайына қаланың 6 мектебін жару қаупі жөнінде хат келіп түскен. Тексеріс барысында ақпарат расталмай, жарылғыш заттар анықталмады.
Аталған жағдайға байланысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. 15 қарашада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ПД Эктремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесе отырып, жалған хабарлама үшін қала мектептерінің бірінде оқитын 9-сынып оқушысын анықтап, ұстады. Оқушы мектептегі тестілеуге дайын болмағандықтан, осындай әрекетке барған.
Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл (15,9 млн теңге) не болмаса осы мөлшерде түзету жұмысына, сондай-ақ 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасына тарту көзделгенін ескертеді.
Айта кетсек, жыл басынан бері осындай фактілер бойынша 140 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасағандары үшін 36 адам ұсталып, олардың 17-сі әртүрлі жазаларға сотталды. Қылмыстық жауаптылық 14 жастан басталады. Сондықтан оны мектеп оқушыларына да ескерту қажет. Сонымен қатар, соттың шешіміне сәйкес, осындай хабарламаның салдарынан келтірілген залалдың барлық шығыны өтеледі. Осы жалған шақыртуларға арнайы қызметтердің шығуына 300 мың теңгеге жуық шығын шығады, ал мекемелер мен ұйымдардың жұмысын тоқтату шығыны миллиондап басталуы мүмкін. Осындай іс-әрекетті кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда, шығындарды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.