×

Петропавл қаласы қоқыстың астында қалуы мүмкін

Қоқыс шығаратын компаниялар қарызға әбден бастқан

 Самат Жақып 02.03.2022 | 10:36
фото: Halyq Uni

Еліміздің солтүстігінде қоқыс мәселесі күрделеніп барады. Әсіресе, Петропавлда көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында үйілген қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Уақытында сыртқа шығарылмағандықтан контейнерлер лық толып, қалдықтар төгіліп-шашылып жатыр. Ал, тазалыққа жауапты мекемелер әбден шығынға батқан. Кейбірі жабылудың алдында тұр.

Олар соңғы бірнеше жылда әкімдіктен тарифті көтеруді сұрап келеді. Бірақ, жергілікті билік олардың ұсынысын қанағаттандырмай отыр. Техникалары әбден тозып, істен шықандықтан үй маңындағы қалдықтар тазаланбауда. Бұлай жалғаса берсе, бүтін бір қала қоқыстың астында қалуы мүмкін.

ТАРИФ 2017 ЖЫЛЫ БЕКІТІЛГЕН

Қызылжарда қоқыс шығарумен айналысатын төрт бірдей компания бар. Солардың бірі – «Коммун Север» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тариф төмен болғандықтан, кәсіпорын қарызға белшеден батқан. Қызметкерлеріне де мардымды жалақы төлей алмай отыр. Өткен жылдың өзінде оннан астам адам жайлы орын іздеп жұмысынан кетіп қалған. Ал соңғы бір жылда қатты қалдықтар полигонына аталған мекеме 6 миллион теңгеден астам қаржы берешек болып қалған. Тағырыққа тірелген кәсіпкер алдағы уақытта жағдай реттелмесе банкротқа ұшырап, жұмысын біржола тоқтатуы мүмкін.

«Осыдан төрт жыл бұрын жанар-жағармай бағасы 162 теңге еді. Ал қазір дизелдің бір литрі 280 теңгеден асып кетті. 2018 жылы жүк көлігіне шинаны 33 500 теңгеден алатын едік. Бүгін ол 162 мың теңгеден жоғары. Қосалқы бөлшектердің бағасы да шарықтап тұр. Шығынға батып жұмыс істеп келе жатқанымызға бір жыл болды. Әкімдікке талай мәрте барып, тарифті өсіруді сұрадық. Бірақ ондағылар біздің талапты орындамай отыр. Оның үстіне кей тұрғындар коммуналдық төлемдерін уақытылы жасамайды. Бізге қазір бес мыңнан астам абонент 8 миллион теңге қарыз. Ол ақшамызды да ала алмай жүрміз. Сондықтан «Заречный», «Борки» сынды қаланың шеткі аудандарына қатынауды қоямыз. Яғни жеке секторда тұратындар онсыз да уақытында ақшасын төлемейді», - дейді серіктестік директоры Мұрат Есқұлов.

Соңғы мәрте Петропавлда қоқыс шығару тарифі 2017 жылы бекітілген. Адам басына - 220 теңге. Қазір бұл қаржы кәсіпорындардың шығынын жабуға да жетпейді. Салдарынан жұмысшылар жаппай кетіп жатыр. Оның үстіне материалдық техникалық база да әбден ескірген.

«Қызметкерлеріміз таңғы 4-тен бастап жұмысқа шығады. Олар он екі сағаттап жұмыс істейді. Жағдайымыз уақыт өткен сайын қиындап барады. Осыдан бір апта бұрын арнайы техникамыз істен шығып қалды. Оның қосалқы бөлшегі Қазақстанда жоқ екен. Енді шетелден тапсырыспен алдыртып жатырмыз. Жөндеуде тұрған кезде аулаларға қоқыс үйіліп қалды. Әріптестерімізден көлік жалдайық десек, олардың да мәселесі бастан асып жатыр. Бізге мемлекет тарапынан еш көмек көрсетілмейді. Субсидия алмаймыз. Тығырыққа тірелдік. Сондықтан былтыр мамандарды шақыртып, аудит жүргіздік. Олар жағдайды реттеу үшін тарифті 450 теңгеге дейін көтеру керек екенін зерттеп, зерделеді. Бірақ, қалалық әкімдікегілер бізге рұқсат бермей отыр», - дейді «Мюль Сервис» компаниясының бас маманы.

Петропавл қаласы әкімдігінің өкілдері аталған мәселеден хабардар. Жауаптылардың айтуынша, әзірге сұрақ қоғамдық кеңесте талқылануға тиіс. Артынша сараптама жасалып, жазда мәслихаттың сессиясына шығарылады.

Еске сала кетейік, қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым– Жомарт Тоқаев 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий жариялаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама