×

Қазақстан мұғалімдерінің TікTок-тағы роликтері 1 айда 100 млн-нан аса қаралым жинады

Соның арқасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалар онлайн форматта жаңа білім алады

 Динара Амантай 16.11.2022 | 17:35
Фото: sea.mashable.com

Қазақстандық мұғалімдердің TikTok платформасындағы танымдық роликтері 100 миллионнан аса қаралым жинады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, TikTok-та #ҚазақстанМұғалімдері және #УчителяКазахстана байқауының қатысушылары, яғни қазақстандық мұғалімдердің креативті танымдық бейнероликтері танымал болып келеді. Олардың бейнероликтері көрермендердің зор қызығушылығын тудырып, бір ай ішінде 100 млн-нан көп қаралым жинап үлгерген.

Қазақстандық мұғалімдерге арналған байқауды Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен TikTok қысқа бейнероликтерді көру және жасау бойынша жетекші платформа өткізіп жатыр. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтар – IPhone 13 Pro Max, сондай-ақ TikTok таланттарды дамыту бағдарламасына шақыру алады.

TikTok платформасындағы бейнероликтері арқылы педагогтер өздерінің таланты мен шығармашылық қабілетін көрсетіп, негізгі пәні бойынша сабақ мазмұнын қызықты форматта ұсынады. Мұғалімдер математика, химия, ағылшын және қазақ тілдері, сондай-ақ басқа да білім бағыттары бойынша қызықты бейнероликтер жариялап жатыр. Мысалы, математика пәнінің мұғалімі @the_bekbolat01 екілік теңдеуді тез шешуге болатын лайфхактармен бөліссе, химия пәнінің мұғалімі @wannabeteacher литий туралы рок айтып, бейне жариялап жатыр.

Елімізде әлеуметтік желі арқылы пән сабағын, білімі мен ғылымын насихаттап жүрген мұғалімдер көп. Соның арқасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалар онлайн форматта жаңа білім алады. Жетекші TikTok платформасы өкілдерінің ұстаздарымыздың бастамаларын жоғары бағалап, қазақстандық мұғалімдер үшін байқаулар ұйымдастырып жатқаны қуантады. Бұл Tiktok платформасында білім беру мазмұнын бірлесіп дамытуға қосымша ынталандыру болады, – деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама