Оқиға орнына дереу арнайы реанимобильмен жол бойындағы пункт мамандарының бригадасы барды
Трассалық медициналық-құтқару пункті бригадасы автобус жолаушыларын құтқарды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 16 қарашада Байдалы би ауылының маңындағы Қызылорда - Павлодар автожолының 722 шақырымында шағын автобустың жүргізушісі рульді басқара алмай, 19 жолаушы болған автокөліктің аударылуына жол берген.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам зардап шекті. Оқиға туралы дабыл Жаңаарқа ауданы ТЖБ Ұлытау облысының «Ақтүбек» трассалық медициналық-құтқару пунктінің диспетчеріне келіп түсті. Оқиға орнына дереу арнайы реанимобильмен жол бойындағы пункт мамандарының бригадасы барды.
ТМҚП бригадасы зардап шеккен 3 адамға көмек көрсетті. Зардап шеккен бір адам орташа дәрежедегі жарақаттармен Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызылды.