Ол сыбайласымен бірге техникалық паспорттар дайындап, өткізген
Жамбыл облысында жалған құжат дайындаумен айналысқан азаматтар ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде көлік құралын тіркеудің жалған куәліктерін (техникалық паспорттарды) дайындағаны үшін Шу ауданы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін және оның сыбайласы – осы мекеменің бұрынғы қызметкерін ұстады. Әйел делдал ретінде әрекет еткен.
Анықталғандай, 150 мың теңге көлеміндегі заңсыз ақшалай сыйақы үшін сыбайласымен бірге құжаттарды бұрмалау жолымен жалған техникалық паспорттарды дайындаумен және өткізумен айналысқан. Тінту барысында күдіктінің атына 8 пластикалық банкомат карточкасы, 41 дайын жалған техникалық паспорт, техника және одан әрі жалған құжаттарды дайындау үшін дайындалған 500 дана пластикалық карточка табылды және тәркіленді.
Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігі («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалды. Істің басқа да жағдайлары анықталып жатыр.