×

Мемлекеттік қызметтердің 90%-ы проактивті болады – Мусин

 Айнұр Шошаева 16.11.2022 | 14:24
Фото: Halyq Uni

Алдағы жеті жылда Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 90%-ы проактивті көрсетілетін болады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Стратегиялық бастамалар форумында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Министрдің пікірінше, жеке цифрлық платформалар қызмет көрсетуде қажетті тәсілдерді әлдеқайда тиімді таба алып отыр. Нәтижесінде БҰҰ-ның 2022 жылдың электронды үкіметі рейтингінің онлайн қызмет индексінде Қазақстан сегізінші орынға шықты.

«Мәселен, қазір пәтер мен көлікті банк қосымшасы арқылы 5-10 минутта рәсімдеуге болады. Ешқайда барудың керегі жоқ. Бұрын тіркеу-емтихан бөлімдері болды. Кейін Мамандандырылған ХҚКО аштық. Қазір цифрлық платформалар арқылы оны шештік. Біз қазір Open АPI форматына көшіп жатырмыз. Яғни мемлекеттің платформасына қосылып, сервис көрсетіп, бизнес процестерін автоматтандыруға болады. Бүгінде банктер ипотека рәсімдеуді жеңілдетті. Бұрын жиырма сегіз күн бойы жүретін, қазір ипотеканы бір күнде рәсімдейтін банктер бар», – деді ол. 

Сонымен бірге министр елімізде әлі де цифрлық трансформациядан өткізу керек салалардың барын атап өтті. 

«Цифрлық трансформацияны қажет ететін денсаулық сақтау саласы. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы жеті жылда денсаулық сақтау саласын болжамды, индивидуалды етеміз. Сондай-ақ әр адам мемлекеттің бақылауында болып, қамқорлығын сезінетіндей етеміз. Әр адамның, отбасының барлық мәліметтерін талдап, проактивті сервис көрсететін боламыз. Проактивті сервис әр адамның, отбасының мәліметін талдай келе, оған қажетті сервисті ұсыну. Яғни оларды электронды үкіметке кіріп, өтініш формаларды толтыртпай ақ, қажетті сервисті ұсыну», – деген министр туу туралы куәлік алу процесін мысалға келтірді.

Бүгінде бала туғанда біз оның ата анасына мемлекеттің аттынан құттықтау СМС жіберіп, «балаға қандай ат таңдадыңыздар» деген сұрақ қоямыз. Егер балаға қоятын атты хабарламаға жазып жауап берсе, туу туралы куәлігі автоматты түрде шығарылады. Әрі баланың туу туралы куәлігін биылдан бастап цифрландырдық, қағаз түрінде алып жүрудің қажеті жоқ, – деді Мусин. 

Сондай-ақ ол цифрлық үкіметті дамыту үшін инфрақұрылымды дамыту қажеттілігіне тоқталды. Оның пікірінше, цифрландырудың алға жылжуы үшін интернетке қолжетімділік мәселесін шешу керек. Айта кетейік, БҰҰ рейтингінде Қазақстан интернет инфорақұрылымының субиндексінде 65-орында тұр. 

«Цифрлық үкімет қалыптастырудағы біздің міндетіміз – үкіметті адамға бет бұрғызып, барлық қызметті проактивті ету. Мысалы жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде проблема жоқ, нотариусқа барып бір күнде рәсімдеуге болады. Алайда сонымен бітеді деп ойласам, олай емес екен. Мүлікті рәсімдеген соң коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің әрқайсымен жеке келісім жасап жүру керек. Біз қазір бұл мәселені де қарастырып жатырмыз. Цифрлық мемлекетте әр адамның өмірлік жағдайына мұқият қарап, оған қажетті сервистерді жеңілдетілуі тиіс. Бұған дейін мемлекеттік қызметтердің 90%-ы автоматтандырылған болса, енді олардың 90%-ы проактивті болады. Ал интернетке қосылатын құрал ретінде кез келген адам мен бизнес өз құрылғысын қоcа алатындай кез келген жерде қолжетімді болады. Біз барлық датчиктен ақпаратты алып, data driven government-ке көшіп, яғни мемлекет қандай да бір гипотезаға емес, нақты мемлекет мемлекеттік және мемлекеттік емес мәліметтер базасында жиналған мәліметтерді талдай келе қорытынды беретіндей етуіміз керек», – деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама