Ақтөбе облысында 8 адам артық тұтынған есірткіден қаза тапты
Наркологиялық есепте 117 әйел, 2 жасөспірім тұр
Ақтөбе облысында 8 адам есірткіні шамадан тыс пайдаланып көз жұмған. Ал есірткіге тәуелділер саны ресми түрде 2 мыңға жуықтайды. Арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Қазір арнайы орталықта есірткіге тәуелді 25 адам ем алып жатыр. Арасында екі әйел бар. Мамандардың айтуынша, соңғы кезде жастардың арасында синтетикалық есірткіге әуестік артқан. «Крокодиль», «Скорость» деген қолдан жасалған есірткілер де танымал. Тағамға қолдануға арналған мактың өзінен есірткі жасайтындар бар көрінеді.
Сегіз адам неліктен уланып өлді десеңіз, сот-медициналық сараптама бойынша тексеріп, денесін ашып қарағанда, олардан опиум, морфин шықты, - деді Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Есенаман Нысанов, «Астана» телеарнасына берген жауабында.
Өңірде есірткіні тұрғын үйлердің сыртындағы жазба арқылы насихаттап, телеграмм каналдар арқылы сату белең алған. Бұл бойынша 12 дерек анықталып, 20-дан аса жазба жойылған.
Астана ауданы 1 қалалық полиция бөлімімен көрсетілген фактілер бойынша ҚК-нің 297-бабы 4-бөлігі және 262-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Қылмыстық топ құрды деген 6 күдікті ұсталып, сот үкімімен барлық мүшелеріне 16 жылдан 17 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деді облыс прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.
Айта кетсек, Ақтөбеде қазір наркологиялық есепте 1 786 адам тұр. Оның 117-сі – әйел, екеуі – кәмелетке толмаған жасөспірім.