«Әкімдіктің әлі келмей отыр»: Жамбыл облысында диқандар базынасын айтты (ВИДЕО)
Шаруалар әкімдік ғимараты алдына жиналды
Жамбыл облысы Байзақ ауданының диқандары Тараз қаласына арнайы келіп, су мәселесін шешуді талап етті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Диқандардың дауына Сеңкібай су арнасына әркім өз бетінше билік ете бастағаны себеп болды. Шаруалар бұған қала билігі кінәлі екенін айтады.
Олардың сөзінше, ауылдардағы 10 мың гектар суармалы алқапқа тіршілік нәрін тасымалдайтын арнаның көзін қаладағы қалталылар жауып тастаған. Салдарынан 30 жылдан бері су жеткілікті деңгейде берілмейді.
Арнаны ашсын! Бізге су керек! Былтырдан бері Сеңкібай каналын тегістеп, жауып жатыр. Мердігер, кәсіпкер тегістетіп жатқан көрінеді, - дейді шаруалар.
Каналдың қаладан шығар тұсы жабылған соң төмендегі елдімекендер сусыз отыр. Диқандар ағын судың бағытын өз бизнесі үшін бұрып алғандарға әкімдіктің әлі келмейді дейді.
Кезінде Нұржан Нұржігітов арызымызды тыңдап кеткен. Қазір облыс әкімі болып отыр. Мәселені жылы жауып отыр. Халыққа қарайласу аудан басшылары, облыс басшыларының жұмысы емес пе?, - дейді Жалғызтөбе ауылының тұрғыны Рапжан Ғайнудинов.
Диқандардың жиналғанына қатысты қала әкімінің орынбасары пікір білдірді. Ол каналға қатысы бар бизнесмендерді танымайтынын, бұл мәселе анықтауды қажет етінін жеткізді. Алайда канал бағытын өз жеріне бұрып алатындардың бар екенін жасырмады.
Бұл факт бойынша енді естіп тұрмын. Келесі апта жұмысты бастаймыз. Қорғау аумағына кірген жекеменшік кәсіпкерлер, жеке үйлер бар. Заңсыз меншіктеп алу, каналдарға кәріз жүйелерін шығарып қойған фактілер бар. Сол бойынша жұмыс жүргіземіз, - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.
Жалпы ұзындығы 35 шақырым арнаның 10 шақырымға жуығы қала аумағына кіреді. Әкімдік елдімекендерге баратын суды жығып алатындарды жыл аяғына дейін анықтап, айыппұл саламыз деп сендірді.