Биологиялық белсенді қоспаларды шамадан көп қолдану қатерлі дерт тудыруы мүмкін
Химик-инженер маман белсенді қоспаларды таңдауға қатысты кеңес ұсынды
Биологиялық белсенді қоспалар құрамындағы дәрумен мөлшерінің шектен тыс көп болуы қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni.
АҚШ-та тұратын белгілі химик-инженер, «Құрамы жақсы қосымшалар» кітабының авторы Ербол Абайұлы биологиялық белсенді қоспаларды таңдау бойынша бірнеше кеңес ұсынды. Маманның айтуынша, көп жарнамаланып жүрген қоспаларды алардан бұрын мынадай маңызды ережелерге мән берген дұрыс:
- Өнімнің халалдығы – халал сертификат беретін ауқымды құрылымдардың белгілі бір ингридиентке қатысты шешімдері кейде күмән тудырады. Сол үшін халал сертификаты бар өнімдерді де мұқият қараған жөн.
- Қосымшаның табиғилығы – синтетикалық биологиялық активті қоспалардың көп жағдайда қосымша кері әсері болады.
- Жасырын ингредиенттер – кейбір белсенді қоспалардың құрамында ауыр металдардың, репродуктивті, жүйке және гормональды жүйеге кері әсері бар зиянды заттар кездеседі. Әдетте мұндай зиянды заттар синтетикалық қоспалар құрамынан жиі анықталады.
- Қоспа сақталатын ыдыс түрі – сұйық қосымшалардың шыны, ал жарыққа сезімтал түріне келсек күңгірт түсті шыны ыдыста сақталғаны маңызды.
- Қосымша құрамындағы дәруменнің мөлшері – кейбір дәрумендердің мөлшері шамадан ондаған есе көп болады. Кейде мұндай қосымша түрі қатерлі дерт сынды ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.
Маманның айтуынша, көптеген медициналық оқу орындарында дұрыс тамақтанумен байланысқан превентивті медицина бөлек сабақ ретінде оқытылмайды. Осы тәрізді дәрі, дәруменді жарнамалау ауқымымен салыстырғанда теледидар мен радио арналарда, интернет желілерінде қай тағамның қандай аурудың алдын алатыны жайында мағлұматтар өте аз айтылады.
«Дәрігерлермен тығыз байланысқан фармацевтикалық компаниялар, желілік бизнеске араласқан қарапайым халық, жалдамалы мамандандырылған жазғыштар бұлардың барлығы жұмыла жұмыс атқарғанда нәрлі заттарды табиғи өнімдерден емес, таблетка, капсула, ұнтақ сұйықтықтардан алған жақсырақ деген ойға да келіп қаласыз. Шындығында, бұл – тек коммерциялық әдістеме. Дегенмен қазір экологиялық жағдайға байланысты топырақтың құнарлығы нашарлап, өсіп шығатын өнімдердің табиғи құрамы бұрынғыдай емес. Кейбір маңызды микроэлементтер қажетті мөлшерден аз болуы да мүмкін. Сол себепті қоспаларды мүлде қажет емес деуге де болмайды. Тек белсенді қоспаны мөлшерлі деңгей де әрі құрамының дұрыстығына көз жеткізіп қолданған жөн», – дейді Ербол Абайұлы.