×

Жамбыл облысында 10 тонна кені бар алтын өңдейтін жерасты цехы анықталды (ВИДЕО)

Полиция цехтың 37 жастағы қожайынын ұстады

 Динара Амантай 15.11.2022 | 14:36
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында заңсыз алтын өңдейтін жерасты цехы анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері құрамында бағалы металдар бар шикізатты, тастарды заңсыз өңдеумен айналысатын жерасты цехының қызметін тоқтатқан.

Жеке тұрғын үйді тексеру кезінде электрлік ұнтақтау диірмені, ұнтақталған кеннің қалдықтары, елек, магнит, таситын арбалар, күректер, сынапты сұйықтық, екі үлкен қазандық және 10 тоннаға жуық алтын кені табылды.

Сондай-ақ қоймада 30 және 58 жастағы екі жұмысшы болған. Ұсталғандардың айтуынша, олар ақылы түрде жұмыс істеген. Бұған қоса, полиция қызметкерлері цехтың қожайыны болып табылатын 37 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.

Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 295-1-бабы 1-бөлігі («Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының заңсыз айналымы») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Қазір мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталып жатыр. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама