Президент жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды
Әзірше 300 млрд теңгеден аса актив қайтарылды
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның биылғы 10 айда атқарған жұмысы туралы есеп берді.
Кездесуде агенттік төрағасы мемлекет басшысына қылмыстық істерді жаппай қозғау тәжірибесінің жойылғанын және адал бизнесті қылмыстық қудалаудың азайғанын айтып берді.
Биылғы 10 айда қабылданған шаралар келтірілген шығындарды өтеуге, 300 млрд теңгеден астам активті қайтаруға жағдай жасады, – деді Жанат Элиманов.
Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының саны жыл сайын азайып келе жатқаны байқалады. Атап айтқанда, былтырғы жылмен салыстырғанда тіркелген істер саны 30 пайызға азайған.
25 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Ақшаны қолма-қол шығарумен айналысатын 119 топтың қызметіне тосқауыл қойылды.
Сонымен бірге кездесуде 25 қаржы пирамидасы жойылып, жәбірленушілердің 8,3 млрд теңге шығынының өтелгені туралы баяндалды. Қаржылық пирамидалармен күресте заңсыз мазмұндағы 8,8 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған.
Осы ретте, агенттік төрағасы қаржылық барлау қызметінің есірткі сататын 15 интернет-дүкенді әшкерелеп, 27 мыңнан аса азамат ұстағанын хабарлады.
Олардың жалпы сауда айналымы – 4,4 млрд теңге. Бұл материалдар Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жолданды, – деді ол.
Кездесу соңында мемлекет басшысы қаржы пирамидалары мен алаяқтық әрекеттердің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ агенттіктің өз ішінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді тапсырды.