Қазақстандықтардың петиция арқылы депутаттың мандатын айыруға құқығы бар
Әділет министрі Қанат Мусин халықтың үмітін ақтамаған депутатты мандатынан айыру рәсімі қалай жүргізілетінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистер Әділет министрі Қанат Мусинге «Депутат халыққа берген уәдесін орындамаса, оны мандатынан айыру процесі қалай жүзеге асады?», деп сұрады.
«Бұл механизмнің тәсілі заңда көрсетілген. Егер сайлаушылардың сайлаған депутатының істеген жұмысына көңілі толмаса, петиция арқылы сол депутаттың мандатын қайтару туралы мәселе көтеруге құқығы бар. Әуелі бастамашыл топ бұл мәселені көтерсе, сол сайланған округте қайта дауыс беру рәсімі өткізіледі. Сайлаушылардың көбі сондай дауыс берсе, онда мандаты қайтарылады», – деді Қанат Мусин.
Бұған дейін Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова енді депутаттар сайлауалды бағдаламасын дайындаған кезде өте сақ болғаны жөн екенін ескерткен еді. Себебі халық қалаулысы берген уәделерін орындамаса, қоғам сұранысын қанағаттандырмаса, мандатынан бір сәтте айырылуы мүмкін.