Хаменова мен Рысқалиев 7 жылға, Адамов 4 жылға сотталды
2022 жылдың 15 қарашасында Атырау қаласының №2 сотында облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, облыстың мәдениет басқамасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевке және «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа сот үкімі шықты.
Соттың баспасөз қызметі іс барысында анықталған мән-жайды түсіндірді.
Атырау қаласының №2 сотында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы айтарлықтай мөлшерде пара алғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы) айыпталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Хаменова және мәдениет басқармасының басшысы Рысқалиевке, лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара бергені үшін айыпталған (Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі) «Балқыту» ЖШС директоры Адамовқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Соттың хабарлауынша, 2021 жылдың 3 қарашасында Атырау қаласының қалалық мәдениет бөлімі мен ЖШС-мен мүсінді (Абай ескерткіші) сатып алуға 145 000 001 теңге сомасында шарт жасасқан. 4 қарашада және 11 қарашада тапсырыс берушімен ЖШС шотына 72 500 000 теңге мөлшерінде шарт сомасының жартысы аударылды.
Сотталушы Хаменова облыс әкімінің орынбасары бола тұра және құрылыс саласына жетекшілік ете отырып, мәдениет басқармасының басшысына ЖШС директоры Адамовтан 5 000 000 теңге көлемінде пара талап етуге нұсқау берген. Адамов оған келіскен, - делінген ақпаратта.
Адамов 4 500 000 теңге көлемінде параны Рысқалиевке бергеннен кейін оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстаған.
«Сондай-ақ Рысқалиев сотқа дейінгі тергеу органдарымен ерікті түрде ынтымақтасуға ниет білдірген. Келесі күні Рысқалиев алған параны Хаменоваға апарып беріп, ол ақшалай қаражатты басқарған», - деп хабарлады Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
Сот сотталушылардың кінәсі Рысқалиев пен Адамовтың тергеу барысында берген жауабы, куәгерлер айғағы, тінту хаттамалары және видео арқылы дәлелденгенін хабарлады.
Прокурор сотталушылар Хаменова және Рысқалиев мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал сотталушы Адамовқа мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот Хаменованың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының болуын таныды, - делінген ақпаратта.
Рысқалиев үшін жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның жас балаларының болуын, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа қатысушыларын әшкерелеуін таныды.
Адамов үшін жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның зейнет жасында екенін және кәмелетке толмаған екі баласының мүгедектігі бар екенін ескерді.
Сотталушы Хаменоваға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 2 жас баласының болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігін қолдану арқылы жазаны орындау 3 жылға кейінге қалдырылды, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы Рысқалиевке 7 жыл, сотталушы Адамовқа 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушылардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.