Ақылбек Рысқалиев пен Өміртай Адамовқа сот үкімі шықты
Атырау облысы мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Рысқалиев өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ оған қатысты бұған дейін қабылданған үйқамақта ұстау түріндегі шара қамауға алуға өзгертілді. Ол сот залында қамауға алынды.
Ол дереу қамауға алынсын, - деді үкімді оқыған судья Жұмабек Тәшімов.
«Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов сот үкімімен 4 жылға сотталды.
Сот үкімімен Адамовқа қатысты үйқамаққа алу шарасы қамауға алуға өзгертіліп, ол да сот залында қамауға алынды.
Айта кетейік, Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде 3 жылдан кейін өтейді. Хаменова сот залынан үйіне жіберіледі.
Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ сот Хаменованы «Құрмет» орденінен айырды.
БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу туралы шешім шықты.
Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырында түсті. Сот процесі 3 тамызда басталды.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.