Олардың талабы – зейнеткерлікке 3 жыл ерте шығу
Әйелдердің зейнет жасын 58-ге түсіру жөніндегі республикалық әйелдер қозғалысы президент жолдауындағы зейнет жасына қатысты жерімен келіспейді. Олар зейнет жасын 2-3 жыл төмендетуді талап етеді. Қозғалыс жетекшісі Майкен Бегарыстанова осы талапты орындату үшін Сенаттағы жұмыс тобына қосылуды сұрап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетейік, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейіне бекіту туралы заң жобасы Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданып, Cенаттың қарауына өткен еді.
Талабымызды Сенатқа қайта-қайта жолдап келеміз. «Сенаторлар бізбен кездессін, сол заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына бізді де қоссын» деп Сенат пен президент әкімшілігіне күнде барамыз, – дейді Майкен Ертайқызы.
Зейнеткерлікке межелі жасынан ерте шығу мүмкіндігі тәжірибесі әлем бойынша бар. Ресейде 2 жыл бұрын, Еуропада 2 жылдан 5 жылға дейін ерте шығуға болады. Белсенді әйелдердің айтуынша, бізде заң жобасын өзгертудің еш қажеті жоқ, тек қосымша толықтыру енгізсе жеткілікті.
Ал ерте шыққан жағдайда зейнетақы төлеміне қатысты әзір бекітілген шекті жинақ мөлшері жоқ. Ол 2023 жылдың қаңтарынан бастап 1-1,5 млн теңге шамасында бекітіледі деген жоспар бар.
Белсенді топтың талабы бойынша, әйелдер зейнеткерлікке ерте шығатын жағдайда зейнетақы алу тәртібі былай жүреді: шекті мөлшерден артық жиғанын зейнет жасына дейінгі уақытқа бөледі де, ай сайын сол ақшасын алып отырады. Әлбетте, әркім жинақ мөлшеріне қарай әр түрлі алуы мүмкін.
Қазір арасын суытпай, Сенатқа күнде барамыз. Әйтпесе олар мақұлдап жіберуі мүмкін. Соған жол бермей, күн сайын мазаларын алып жатырмыз. Сенат пен президент әкімшілігі қазір біздің екінші үйіміз болып кетті. Біздің негізгі талабымыз – зейнетке ерте шығу мүмкіндігін алу, соны сенаторлар заң жобасына қосымша толықтыру етіп енгізуі тиіс. Сонда әйелдердің 58 жас деген талабы да, Үкіметтің 61 жас деген ұстанымы да орындалар еді, – дейді Майкен Бегарыстанова.
О баста басты талап әйелдердің зейнет жасын 58-ге түсіру болатын. Яғни, зейнет жасы бұрынғыдай 63 болса, одан 5 жыл ертерек шығатын мүмкіндік алу еді. Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында «әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалатынын» айтты.
Белсенді топ мұнымен тоқтап қалмақ емес. Осыған дейін қазан айының 1-іне, қарашаның 5-іне, кейін 12-сіне бүкіл Қазақстан бойынша наразылық жиынын өткізуге өтініш берген еді. Бәрі де кері қайтарылды. Енді президент сайлауы өткен соң қарашаның 26-сы ел бойынша митингке шығуға оқталып отыр.
Айта кетейік, қазір Әйелдердің зейнет жасын 58-ге түсіру жөніндегі республикалық әйелдер қозғалысының 10 мың қолдаушысы бар.