×

«Кәсіпке айналдырып алған». Астанада жыл басынан бері 600-ге жуық қайыршы ұсталған

Оларды заң жүзінде ешкім жазалай алмайды

 Еркеғали Болатұлы 15.11.2022 | 10:17
фото: azattyq.org

Елордада үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбас көбейді. Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері олардың 586-сы ұсталған.

Кеше «Астана» телеарнасының тілшісі қайыршы кейпіне еніп, тәжірибе жасап көрген екен. Сонда талай қызыққа куә болыпты. Көпшіліктің бірі оған көмектесуге тырысса, енді бірі мән бермеген. Ал тәжірибе нәтижесінде қайыршылардың бір күнде кемінде 5 мың теңге табуға болатыны анықталған. Бұл – бір айда шамамен 150 мың теңге. Жұмыс істейтін адамнан кем емес.

Күнде көбейіп келе жатыр олар. Менің ойымша, оларға заң керек. Шын мәнінде мұқтаждар мен соны бір кәсіпке айналдырып алғандар бар. Халық солардың арбауына ілініп жатады, - дейді психолог Әйгерім Шүкірбайқызы.

Ал жауапты өкілдер көше кезгендерді құрықтау жұмыстары жиі жүргізіліп тұратынын алға тартып отыр.

«ӘҚБтК-нің 449-бабымен көзделген әкімшілік жауапкершілікке 3 863 құқық бұзушылық алынған. Масаң халде жүргендері медициналық айықтырғышқа орналастырылады. 31 662 адам медициналық айықтырғышқа жеткізілген», - дейді Астана қаласының ПД ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов.

Статистикаға сүйенсек, қайыр тілеп ұсталғандардың қатарында құжаты жоқтар, өзге мемлекеттің азаматтары, мүгедектер, көпбалалы аналар басым. Ал кейбірі сұраншақтыққа сақадай сайланып, оны кәсіп көзіне айналдырып алған. Бірақ олардың өзін заң жүзінде ешкім жазалай алмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама