«Екі адамға айыппұл салынды»: Бас прокуратура сайлау науқанында байланысты ескерту жасады
Экзитпол нәтижесін сайлау күні жариялауға болмайды
Кезектен тыс президент сайлауына байланысты тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты Бас прокуратура науқан кезінде қандай әрекетке тыйым салынатынын жариялады.
Сайлау алдында тұрғындар арасында сауалнама жүргізумен тек Орталық сайлау комиссиясына алдын ала жазбаша хабар берген және тіркелген азаматтар айналыса алады. Ол азаматтың 5 жылдық тәжірибесі болуы да міндетті.
Сауалнама жүргізу құқығын іске асыру негіздері мен тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 29-бабында көрсетілген.
Хабарламада сауалнама жүргізуге қатысатын және онда жұмыс тәжірибесі бар мамандар, сауалнама жүргізілетін өңірлер, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс, - делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.
14 қарашаға дейін Орталық сайлау комиссиясына жазбаша хабарлама жазып, 7 заңды тұлға өтініш берген.
Сондай-ақ сайлау күні дауыс беру учаскілерінде сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Алайда дәл осы күні ОСК-ға алдын ала сауалнама жүргізу құқығын сұрап жүгінген азаматтар сауалнама жүргізе алады.
«БАҚ сауалнама нәтижесін жариялау кезінде оны жүргізген заңды тұлғаны және сауалнамаға тапсырыс берген және ақысын төлеген адамдарды, өткізу уақытын, ақпарат жинау әдісін, сұрақтардың нақты тұжырымын, сұрақ санын және сауалнама нәтижелерінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті», - деп хабарлады Бас прокуратура.
Сауалнама нәтижесін, сайлауға қатысты болжамдар мен басқа да зерттеулерді сайлау өтуіне 5 күн қалғанда және сайлау күні жариялауға болмайды.
Биылғы сайлау науқаны туралы БАҚ сауалнама нәтижесін 15 қарашаға дейін жариялай алады, - делінген ақпаратта.
Ал сайлау күні сайлау учаскесінен шыққан кезде алынған сауалнама нәтижесін БАҚ-та дауыс беру күнінен кейінгі тәулікте жариялауға болады.
Конституциялық заңның талаптарын сақтамаған азамат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 120-бабына сәйкес (сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу) жауапкершілікке тартылады.
Бас прокуратураның мәліметінше, қазірге дейін жеке тұлғаның сауалнама жүргізуіне байланысты 2 заңбұзушылық фактісі анықталды. Оларға әкімшілік айыппұл салынды.
Бас прокуратура жеке және заңды тұлғаларды, бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі талаптарын бұзбауға шақырды.
ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ – 2022
Мерзімінен бұрын президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді. 19 қараша – сайлау алдындағы тыныштық күні.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына алты кандидат тіркелді.
ОСК бірінші болып елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты тіркеді. Оны халықтық коалиция ұсынды, сондай-ақ оның кандидатурасын Amanat, «Ақ жол» және Қазақстан халық партиялары қолдады.
Мейрам Қажыкенді «Аманат» кәсіподақтар одағы ұсынды. Ол 61 жаста, «Қазіргі заманғы қоғамды зерттеу институтының» директоры болып жұмыс істейді.
67 жастағы Жигули Дайрабаевты «Ауыл» партиясы ұсынды. Ол 2022 жылдың жазында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумы агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы болып сайланды.
Қарақат Әбденді «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ұсынды. Ол 1974 жылы туған, көп балалы ана, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорда қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Салтанат Тұрсынбекова сайлауға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің атынан түсті. Ол 56 жаста, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Оппозициялық кандидат Нұрлан Әуесбаев – Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының елордадағы филиалының басшысы. Ол 65 жаста.