×

15 қараша – Ұлттық валюта күні: теңге туралы қызық деректер

Теңге айналымға 29 жыл бұрын енгізілді

 Айгерім Таубай 15.11.2022 | 09:00
Коллаж: Халық үні

15 қараша – Қазақстанның ұлттық валюта күні. Теңге айналымға 1993 жылы енгізілді. Halyq Uni теңге туралы қызық ақпаратты жинақтады.

Қазақстанда ұлттық валютаны енгізу процесін бұрынғы КСРО республикаларындағы ақша айналымына қатысты жағдай жылдамдатты. 1993 жылдың шілдесінде Ресейдің Орталық банкі ақша реформасын жүргізді, кеңес рублі айналымнан алынды және олар жаңа ресейлік банкноттарға айырбасталды.

Бұл бұрынғы кеңес республикаларындағы нарыққа әсер етті, оның ішінде Қазақстан да бар. Баға жылдам өсті, ақша құнсызданды.

Ұлттық валюта енгізу – елдегі дағдарыстан шығу және экономиканың дамуының жаңа кезеңіне өту жолы болды.

АРНАЙЫ КОМИССИЯ ҚҰРЫЛДЫ

1993 жылдың 3 қарашасында Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Оған премьер-министр Сергей Терещенко төрағалық етті. Кейін вице-премьер Дәулет Сембаевтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды.

Теңге дизайнын дайындау жетекші Тимур Сүлейменов және дизайнерлер Меңдібай Алин, Досбол Қасымов және Ағымсалы Дүзелханов бар авторлық ұжымға тапсырылды.

1993 жылы 12 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге елдегі есептесетін ақшаға айналды.

Бұл күні айналымға «портреттер» банкнотының бірінші топтамасы шығарылды:

1 теңге – Әл-Фараби портреті

3 теңге – Сүйінбай портреті

5 теңге – Құрманғазы портреті

10 теңге – Шоқан Уәлиханов портреті

20 теңге – Абай Құнанбаев портреті

50 теңге – Әбілқайыр хан портреті

100 теңге – Абылай хан портреті.

ТЕҢГЕ АТАУЫ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

Қазақстанға ұлттық валюта атауын таңдау да оңай болмады. Оның төңірегінде де дау болып, «алтын», «ақша», «таньга» («тенга») нұсқалары ұсынылған.

Қазақстан валютасын «сом» деп атау да жоспарланды.

Алайда 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» атауы қабылданды. Ортағасырлық түркі күміс монеталардың «денге», «танга» деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін «тиын» деп атады.

Ұлттық валютаның өз символы бар (〒).

АҚША ҚАЙДА ШЫҒАРЫЛДЫ?

1993 жылдың маусымында елімізде бағалы қағаздар шығаратын цех іске қосылып, қағаз тиындар шығарылды.

Алғашқы банкноттарды Англияда Harrison&Sons фирмасы басып шығарды. Олар Қазақстанға ұшақтармен жеткізілді. Деректерге сай, бастапқыда бір апта ішінде 18 рейс орындалған.

«Нұрсұлтан Назарбаев төл валютамызды әзірлеу жұмыстарын бастауды тапсырды. Содан кейін суретшілер, дизайнерлер тобын құрдық. Олар бірнеше жобасын дайындады. Содан кейін Англияға барғанда шетелдіктер үшін ақша басып шығаратын Harrison компаниясын білдік. Ақшаның жобасы мақұлданған соң компанияға Қазақстанның ақша басып шығарғалы жатқаны туралы еш жерде айтпауы туралы келісімге келдік», - деді сұқбаттарының бірінде Дәулет Сембаев.

Елге теңге жеткізілгеннен кейін небәрі 8 күннің ішінде ол Қазақстандағы барлық банкке таратылды.

Қазір Алматыда Банкнот фабрикасы жұмыс істеп тұр.

Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды.

Айналымдағы монеталардың алғашқы өнеркәсіптік партиясы 1998 жылдың қарашасында Қазақстанның монета алаңында шығарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама