Жаттықтырушы Асқар Еркебаев бокстағы қазақ-өзбек бәсекесі жайлы пікірін айтты
Бүгін Астана қаласындағы халықаралық әуежайға Амман қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында топ жарған қазақстандық боксшылар қонды. Дүбірлі додада Астана қаласының атынан бақ сынаған төрт боксшы жүлде алды: Айбек Оралбай (92 кг) – І орын; Санжар Ташкенбай (48 кг) – І орын; Нұрбек Оралбай (80 кг) – ІІІ орын. Сондай-ақ әйелдер арасында астаналық Ляззат Күнгейбай (+81 кг) Азия чемпионатының қола жүлдесін алды.
Бокстан ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы Асқар Еркебаев бокстағы қазақ-өзбек бәсекесі жайлы ойын айтты. Иорданияның бас шаһары – Амманда өткен бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Екі аптаға созылған додасында Қазақстанның ерлер құрамасы финалға бес жолдама алғанымен, алтын жүлде жағынан Өзбекстан құрамасына жол беріп қойды. Қыздар құрамасы да жігіттердің жағдайын қайталап, жалпыкомандалық есепте Үндістаннан кейінгі екінші орынға жайғасты. Ал өзбек боксшылары 5 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен көш бастап тұр. Осы орайда жаттықтырушы өзбектердің жеңіске деген жігерін жоғары екенін айтып, спортшыларының шешуші сәтте «Өлсем рингте өлейін, өлмесем жеңіске жетемін» деген сұрапыл мінезге басуға үйреніп алғанын жеткізді.
«Спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатып отыр. Қазақстан құрамасы бокстан Азия чемпионатында жалпы есепте І орын алды. Бокстан келесі жылғы әлем чемпионаты Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте өтеді. Алдағы әлем және Азия ойындарына дайындықты бастаймыз. Қазір Азиядағы басты қарсыласымыз өзбек боксшылары болып отыр. Дегенмен біздің жігіттер өте жоғары дайындықпен барды. Нәтижесін көрдіңіздер», – деді бокстан ұлттық құрама жаттықтырушысы Асқар Еркебаев.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жапондық боксшыны ұтқан 19 жасында Азия чемпионы атанған Санжар Ташкенбай қарсыластарының осал болмағанын жеткізді. Дегенмен қай жағынан алып қарасақ та, өзбек боксшыларымен асып түспесек, кем түспейміз деп деп отыр.
Өзбекстандық Асилбек Джалиловпен қолғап түйістірдім. Айқын басымдылықпен жеңіске жеттім. Жалпы додаға қатысқандардың бәрі сайдың тасындай іріктелген. “Бақ шаба ма, бап шаба ма” деген. Дайындығың мықты болса, оң нәтижесін береді. Сондықтан өзбек боксшылары да мықты, біз тең дәрежедеміз. Бұл жеңісімді қазақ халқына арнаймын. Мені қолдаған барша ағайынға шексіз алғыс білдіремін, – дейді Санжар Ташкенбай.
Дүбірлі додада астаналық спортшылар екі алтын, екі қоланы еншіледі. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасы сапындағы Санжар Ташкенбай (48 кг) мен Айбек Оралбай (-92 кг) алтыннан алқа тағып чемпион атанса, Нұрбек Оралбай (80 кг) қола медаль алды. Ерлер арасындағы жалпы есепте 5 алтын, 2 күміс, 3 қоламен Өзбекстан құрамасы 1-орын алса, Қазақстан 2-орынға ие болды. Үздік үштікті жарыс қожайыны Иордания (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) түйіндеді.
Құрлықтық додада өзбекстандық Мадияр Саидрахимовты жеңіп, ел құрамасының қоржынына үшінші «алтынды» салған Айбек Оралбай «чемпион болу үшін қыруар қаражат емес, жақын жандарыңның қолдауы маңызды» екенін айтады.
«Көбі чемпион болу үшін әке-шешең жастайыңнан түрлі үйірмелерге беріп, біраз ақша жұмсауға тиіс деп ойлайды. Негізі таңнан кешке дейін залда тыңғылықты жаттығу жасасаң, жемісін береді. Әрі спортта жанашыр жандар көп. Бәрін ақшаға тіреп қою – дұрыс емес. Менің спорттағы кумирім – айрықша ардақ тұтар тұлғаның бірі – Мұхаммед Әли. Ал мақсатым – олимпиада чемпионы атану. Бір ай тынығып, әрі қарай дайындыққа кірісемін», – деді алтын медаль иегері Айбек Оралбай.
Әйелдер арасында Үндістан (4 алтын, 1 күміс, 1 қола) көш бастаса, 2-орын Қазақстан құрамасының (3 алтын, 1 күміс, 5 қола) еншісінде қалды. Одан кейінгі орындарға Жапония (1 алтын, 3 күміс), Оңтүстік Корея (1 алтын, 1 күміс, 4 қола), Өзбекстан (1 алтын, 1 күміс, 1 қола), Тайвань (1 алтын, 3 қола), Вьетнам (1 алтын, 1 қола) жайғасқан.