×

Қаңтар оқиғасы: Ақтөбе облысында 2 террористік қылмыс бойынша тергеу жүріп жатыр

Күдікті ретінде 12 адам қамауға алынып, 8 адам үйқамаққа жіберілген

 Ербол Тұрымбет 01.03.2022 | 16:07
скриншот: diapazon.kz

Ақтөбе облысы прокуратурасы Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын баяндады.

4-7 қаңтар аралығында Ақтөбеде Жаңаөзен қаласындағы бейбіт митингті қолдау мақсатында наразылық білдірушілер көшеге шығып, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан.

Облыстық прокуратураның хабарлауынша, ұйымдастырушылар полицейлерге қатысты зорлық - зомбылықты қолдана отырып, облыс әкімдігінің ғимаратын басып алып, мемлекеттік мүлікті бүлдірген (230 млн теңге шығын). Сонымен қатар Ақтөбе қаласы әуежайының жұмысы бұғатталып, әуе рейстері тоқтатылған.

Мұндай жағдай облыстың бірқатар аудандарында (Әйтеке би, Хромтау, Темір және Мұғалжар) жалғасқан.

Қазір 14 қылмыстық іс бойынша, соның ішінде 2 террористік қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде 12 адам қамауға алынып, 8 адам үйқамаққа жіберілген.

Тәртіпсіздік кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен 31 қызметкер түрлі дәрежеде дене жарақатын алып, қызметтік көлік және арнайы құралдарға зақым келтірілген.

Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полиция қызметкерлерінің тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдануы бойынша сотқа дейінгі төрт тергеу жүргізіп жатыр. Барлық іс бойынша процессуалдық прокурорлар тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама