Астанада фильм сеанстарының 94%-ы орыс тілінде көрсетіліп жатыр
Қазақтілді көрермен «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» блокбастерін кинотеатрдан ыңғайлы уақытта көре алмағанына наразы, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бұл туралы кинотеатрға барған көрермендердің өзі әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы шағымдарын министрлік назарына жолдай бастады.
«ТАҢДАУ МҮМКІНДІГІ ДЕ ЖОҚ»
Алматылық Ернар Бекенов жексенбілік демалыста балаларымен Kinopark 5 Atakent кинотеатрына барып, қазақ тіліндегі көрсетілімге кіре алмағанын хабарлады. Оның жазуынша кинотеатрдың әкімшілігі афишада көрсетілген түскі уақыттағы сеансты өзгертіп тастаған.
«Баламен «Қара қабыланға» барайық деп алдын ала 14:00-ге онлайн билет сатып алдық. Таңдау Kinopark Theatres желісінің Атакенттегі #5 кинотеатрына жасалды. Енді таңдау дейтіндей, таңдау мүмкіндігі де асып-төгіліп жатқан жоқ, бүгіндікке өзі Алматыда санаулы ғана сеанс бар екен. Уақыты мен жолы тиімдісін алдық. Кеміретін-ішетінімізді ұстап залдың алдына келсек, «қазақша сеансты алып тастадық» деп қарап тұр. Не дәл қазір орысша сеансқа кір (қазақша сеанстың орнына қойылған), не кешкі жетіде кел. Админнің шарты осы болды. Олардың пайымынша, мен қазақшаны мақсатты түрде таңдай тұра орысшасына көне салатын немесе кешкі жетіге дейін мөлейіп күтіп отыратын терпила кейпіне енуім керек екен», – деп жазды Ернар Бекенов.
Мұндай мәселені астаналық тұрғын Есбол Нұрахмет те көтеріп отыр. Ол фильмнң қазақ тіліндегі сеансы ыңғайлы уақытқа қойылмағанына наразы.
«Әдемілеп қазақшаға аударған. Енді кинотеатрларда күні бойы 10-15 сеансқа дейін қойып жатыр. Соның тек біреуі әрең қазақша, оның өзі не таңертең, не түске қарай. Бұл не деген иттік? Жұрт жаппай көріп, әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр, бірақ орысша көріп жатыр. Орысша көруінің басты себебі – ыңғайлы уақытқа қоймауынан деп қана түсінемін. Министрлік қаншама қаржы жұмсап, қазақшаға аударған екен, енді соның ыңғайлы уақытқа қойылуына неге мән бермейді?» – деп жазды ол фейсбук парақшасына.
Көрермендердің арасында фильмнің қазақ тіліндегі субтитрінің техникалық ақау кесірінен залдағы экраннан анық оқылмайтындығын айтқандар да бар.
ТЕХНИКАЛЫҚ АҚАУ
Ал Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниясының PR-директоры Ерлан Бұхарбаев 13-ші қарашада Kinopark 5 Atakent кинотеатрында болған жағдайды техникалық ақаудан деп түсіндірді.
«Сағат 14:00-де «Қара қабылан: Ваканда Мәңгілікке» фильмінің қазақ тілі нұсқасы сеансында кинотеатр әкімшілігіне тәуелді емес техникалық ақау болды. Қалыптасқан жағдайды реттеу және сеанстың бұзылмауы үшін кинотеатр қызметкері шұғыл түрде қазақ нұсқасын орыс нұсқасына ауыстыруға мәжбүр болды. Мұндай жағдай бір рет, тек 14:00 сессиясында және дәл қазақ тіліндегі нұсқасымен орын алғанына назар аударайық. Кинотеатр тарапынан осы сеансқа билеттер сатып алған барлық көрермендерге осы жағдайды шешудің бірнеше нұсқасы ұсынылды: Сеансқа қазақ тілінде басқа, ыңғайлы кешкі уақытта бару немесе уақыты жоқ және күткісі келмейтін кейбір көрермендердің қалауы бойынша билет ақшасы толық қайтарылды», – дейді Ерлан Бұхарбаев.
Дегенмен көрермен сөзі мен Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниясы басшылығының уәжі қарама-қайшы екені байқалады. Компанияның PR-директоры болған жағдайды техникалық ақауға телігенімен, көрерменге зал әкімшілігі қазақ тіліндегі сеанстың ауысу себебін нақты түсіндірмеген.
Kinopark-Kinoplexx компаниясы қазақ тіліндегі фильмдерге, олардың кинотеатрлар кестесінде болуына мұқият қарайды. Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан қазақ тілінде өз фильмдерімізді түсіріп жатырмыз. Біз, қолайсыздықтың болғанына кешірім сұраймыз және сирек кездесетін жағдайға түсіністікпен қарауға назарларыңызды аударамыз. Мұндай техникалық ақаулар орын алуы мүмкін, өйткені кинотеатр – бұл технологиялық механизм, – деді Ерлан Бұхарбаев Halyq Uni-не берген жауабында.
АСТАНАДА ФИЛЬМ СЕАНСТАРЫНЫҢ 94%-Ы ОРЫС ТІЛІНДЕ
Halyq Uni тілшісі Астана мен Алматы қалаларындағы фильмнің қазақ тіліндегі сеанстарын санап көрді. Мәселен, 14 қараша күні Астана кинотеатрларында «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» фильмінің 114 сеансы жүріп жатыр. Оның ішінде қазақ тілінде 7, ағылшын тілінде 2 көрсетілімі қойылған, қалғаны орыс тілінде. Ал Алматыда барлығы 246 көрсетілімнің қазақ тілінде 19, ағылшын тілінде 6 сеансы жүріп жатыр, қалған 221 фильм сеансы орыс тілінде.
СӨЗІ МЕН ІСІ ҚАБЫСПАҒАН МИНИСТР
Айта кетелік, фильмнің астанадағы премьерасы кезінде мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазақ тіліндегі кинокартиналарға сұраныс артып келетіндігін, фильмдерді қазақ тілінде көрсету – идеологиялық тұрғыдан да аса маңызды екенін айтқан болатын.
«Халыққа рейтингі жоғары фильмдерді қазақ тілінде көрсету – идеологиялық тұрғыдан да аса маңызды. Осы мақсатта біз голливудттық жаңа туындыларды ана тілімізге дубляждау бойынша арнайы жобаны қолға алған едік. Тілге деген ең үлкен қолдау – оны қолдану. Қазақтілді контентті бірге дамытайық», – деген еді министр.
Marvel студиясының қазақ тілінде шығарған жетінші фильмінің жарыққа шығуына Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен. Қазақ тіліне дубляждаған – «Меломан» компаниялар желісі. Министрліктің баспасөз қызметі фильм бюджеті туралы сауалымызға нақтыланып жатқанын ғана айтумен шектелді.
2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» заңының 9-бабында «Қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алған балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдердің прокатталуы жəне олардың Қазақстан Республикасының аумағындағы кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда көрсетілуі қазақ тілінде жүзеге асырылуға тиіс», екендігі айқындалған.