×

Таразда құрылысы енді басталған медициналық мекемеге қатысты дау шықты

Жауаптылар медициналық орталықтың құрылысына Мәжіліс депутатының қатысы жоғын айтты

 Халық үні 01.03.2022 | 15:48
фото: Halyq Uni

Тараз қаласының орталығында құрылысы енді басталған медициналық мекемеге қатысты дау шықты. Тұрғындардың бір бөлігі медициналық мекеменің бой көтеруін құптаса, құрылыс маңындағы үй тұрғындары қарсылық танытты.

Наразы тарап «билік өкілдері орталық саябақты Мәжіліс депутатына заңсыз берген» дейді.

Бұл – саябақ маңы. Демалатын орын. Қалай жеке тұлғаға сатуға болады? Оның үстіне құрылыс басталғалы үйдің айналасынан үлкен көліктер өтіп, шаңдатып жатыр, - дейді Тараз қаласының тұрғыны Зәуреш Сартаева.

Ал, қала тұрғындарының дені шаһарда медициналық мекеменің қажет екенін айтады. Олардың айтуынша, жекеменшік орталықта ем-дом алу ыңғайлы.

«Таразда егде жастағы адамдар көп. Әрқайсымыз денсаулығымыз сыр бергенде кейбір емдеу орталықтарында тиісті медициналық қызметті ала алмай жатамыз. Ал, мұндай мемекеменің салынғаны өзімізге де, денсаулығымызға да пайдасын тигізеді. Қарсылық танытып жатқандарды түсінбеймін. Ойын клубы емес, емдеу мекемесін салайын деп жатыр ғой», - деді қала тұрғыны Мұхтар Жұмабекұлы.

Тұрғындардың депутат деп айтып отырғаны – Гүлдара Нұрымова. Ол Мәжіліс депутаты болмай тұрып, яғни 1999 жылдан бастап жекеменшік «Мейірім» медициналық орталығының басшысы болған. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл меншікті сенімгерлік басқаруға қайтарымсыз берген. Кейін жаңа басшылық клиника кеңсесін кеңейту мақсатында жаңа кешеннің құрылысын бастаған.

«Бұл медициналық орталықтың бой көтеруіне депутаттың қатысы жоқ. Өйткені ол осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын емдеу мекемесін басқа құрылтайшының қолына өткізген. Қазір орталығымыз күніне 200-ден аса адамға сапалы қызмет көрсетеді. Бізге келушілердің саны өте көп болғандықтан, халықтың сұранысына сай орталығымызды кеңейтіп жатырмыз»,  - деді «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлчахра Маметова.

Ал, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркімбек Тастемірұлы дау шығарған тұрғындардың талабы орынсыз екенін айтады.  

«Құжаттар бойынша мұнда бәрі заңға сәйкес. Көршілес тұрғындардан ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ. Өйткені жер учаскесі кезінде жеке кәсіпкерге заң аясында берілген», - дейді әкімдік қызметкері.

Жауаптылар аталған жер заңды тұлғаға 2005 жылы көпқабатты тұрғын үй салу үшін берілгенін айтты. Кейін 2013 жылы телімнің нысаналы мақсаты «медициналық мекеме салу үшін» деп өзгертілген.

Бірқатар тұрғынның қарсылығына қарамастан, қала билігі рұқсатын берген медициналық мекеменің қазығы қағылып қойды. Енді емдеу кешені 1-2 жылдың көлемінде пайдалануға берілмек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама