×

Алматыда күніне 5 млн теңге тауып отырған жасырын казино анықталды (ВИДЕО)

Ойыншылар казиноға арнайы құпия сөз арқылы кіріп жүрген

 Динара Амантай 14.11.2022 | 12:35
Фото: polisia.kz

Алматыда жасырын казино ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 13 қарашаға қараған түні ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бөлімшелері Алматы қаласында Сәтпаев көшесінің бойындағы ғимараттардың бірінде жасырын казино ұйымдастырған қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы іс-шара өткізген.

Тыйым салынған ойын мекемесі қаланың Бостандық ауданындағы көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан. Ол жерге тек құпия сөзді айту арқылы ғана кіру мүмкін болған. Арнайы іс-шара кезінде казинода 20-дан аса келушілер болған, олардың арасында 30 жылдық тәжірибесі бар ойыншылар да бар.

Іс-шара нәтижесінде 20-дан аса ойын жабдығы, ірі көлемдегі ақша, келушілердің аты-жөні жазылған тізім, ақшаның кіріс-шығыс жазбалары бар құжаттама тәркіленді. Қылмыстық әрекеттен түскен кірістің шамамен сомасы күніне 5 миллион теңгеден асып отырған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 307-бабы 1-бөлігімен («Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру») қылмыстық іс тіркелді. Қазір казино иесін анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша жедел шаралар жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама