Биылғы қыста 500-ге жуық рет көлік қозғалысы шектелді
Көктайғақ жолдарға 20 мың тонна тұз, 57 мың текше метр құм, 500 тонна химиялық реагент себілді
Күнтізбе бойынша көктем келгенімен, еліміздің басым бөлігінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстары әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Республикалық жолдарда биылғы қыста ауа-райына, яғни боран, тұман, жолдарда көріністің нашарлауына байланысты 467 рет көлік қозғалысына шектеу енгізілді, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Жолдарды күтіп ұстауға 1090 арнайы техника жұмылдырылды.
«Сонымен қатар осы мезгілде 78 мың метрден астам қардан қорғайтын қалқан, 4802 уақытша жол белгісі орнатылды. 8 мыңнан аса шақырымда қар үйінділері, 114 мың шақырым қар траншеялары жасалды. Көктайғақ жолдарға 20 мың тонна тұз, 57 мың текше метр құм, 500 тонна химиялық реагент себілді», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ қыс басталғалы қиындыққа тап болған 400-ден астам көлікке көмек көрсетілді. 168 техника жылы бокстарға, 1 мыңнан аса адам «Қазақавтожол» мекемесінің жылыту тіректеріне жеткізілді.