Түркістан облысында миллиондаған теңгеге салынған спорт алаңдары сапасыз

Еркеғали Болатұлы

Қиыршық тас, оның үстіне жұқа көгал төсеген футбол алаңында балалар құлап, жарақаттанып жатыр

фото: видеодан скриншот

Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғындары спорт алаңдарының сапасына шағымданды. Олардың айтуынша, миллиондаған қаржы бөлінген алаңдарда бала ойнай алмайды. Өйткені қауіпті. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.

Мысалы, Көксәйек ауылындағы футбол алаңына мердігер қиыршық тас төсеген. Ол жерде балалар ойнай алмайды. Ал құрылысына бақандай 13 миллион теңге бөлінген.

Оның үстіне жұқа көгал төселген. Балалар ойнап жүріп, құлап жатыр. Бірнеше адам қол-аяғын жарақаттап алды. Бір айдан кейін көгал жиырылып, кейін әбден жыртылды, - дейді Көксәйек ауылының тұрғыны Төлепбек Алматаев.

Сондай-ақ келесі тұрғын Зұлпыхар Қожамжаров торлардың доп соққысына шыдамай жыртылып жатқанын алға тартты. Алаңдағы заттардың бәрі сапасыз көрінеді.

Леңгір қаласында да осындай жағдай. Бір жыл бұрын 27 миллион теңгеге салынған 3 алаңда қоршаулар бұзылып, қақпалары қираған. Мердігер сот шешімі бойынша кемшіліктерді жоюға міндеттелді.

Ал Көксәйек ауылындағы футбол алаңын салған мердігерлер әлі де іздестіріліп жатыр.

Сот орындаушылары компанияның Шымкентте екенін хабарлады. Көрсетілген мекенжайға бірнеше рет хат жолдадық. Қазір компанияның орналасқан жері өзгергенін хабарлап жатыр. Ол Алматыда болуы мүмкін. Бұл мәліметтерді қызметкерлер тексеріп жатыр, - деді ауыл әкімі Жексенбек Серсәулетов.

Ал тұрғындар мердігерді іздестіру сәтсіз аяқталса, келесі жылы жұмыстың кепілдік мерзімі бітетіндіктен, оның жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып отыр.