Оқушылар ата-анасын мектеп ішінде де, ауласында да күте алады
Әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны мектепте оқитын қызына қатысты жазба жариялады. Ата-ананың сөзінше, қаладағы №42 мектептің мұғалімдері сабақтан кейін оқушыдан мектеп ғимаратынан шығуды талап еткен.
Алматы қаласының білім басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, мектеп қызметкерлері тарапынан заңбұзушылық әрекет жасалмағанын хабарлады.
Білім басқармасының хабарлауынша, оқушы ата-анасын мектептің ішінде күткен және мектеп қызметкері оны сыртқа шығармаған.
«Қалалық білім басқармасы әлеуметтік желідегі жайтқа орай тексеру жұмыстарын жүргізді. Салқын ауа райында оқушылар ата-анасын мектеп ішінде де, ауласында да күте алады. Оқушы өзге балалармен бірге мектеп фойесінде ата-анасын күтіп тұрған. Мектеп өкілдері оларды ғимараттан шығып, сыртта күтуін сұрамаған. Бұл бейнекамерадағы жазбамен де расталды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі Halyq Uni тілшісіне.
Басқарманың хабарлауынша, мектеп қызметкерлері тарапынан ешқандай заңбұзушылық әрекет жасалмаған.
Ал әкесі өзінің белгіленген уақыттан бір жарым сағат кешігіп келуін көлік кептелісінде тұрғанымен байланыстырды.