Halyq Uni логотип
×

«Мемлекетке тиімсіз»: Арыс әкімі ауылдағы жалғыз балабақшада неге жылу жоқ екенін айтты

Нысан 38 жыл ішінде бірде-бір рет жөндеуден өтпеген

«Мемлекетке тиімсіз»: Арыс әкімі ауылдағы жалғыз балабақшада неге жылу жоқ екенін айтты
фото: Halyq Uni

Түркістан облысына қарасты ауылдағы жалғыз балабақшаға жылу берілмеген. Бұл жағдай Арыс қаласындағы Жиделі ауылында тіркелді.

Ғимарат 40 жылға жуық уақыт бұрын қолданысқа берілген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол уақыттан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

«Нысанның салынғанына биыл 38 жыл болды. Әлі бірде-бір рет жөндеуден өткен жоқ. Осы жердің қызметкерлері қаражат жинап, сылау, әктеу сияқты жұмыстарды өздері істеді. Үкімет тарапынан ешқандай көмек жоқ», - дейді ауыл ақсақалы Салахан Беков.

Балабақша бір қарағанда қараусыз қалған нысанға ұқсайды. Тіпті терезелері де түгел емес. Ал балалар күз келсе, қалың киім киіп жүруге мәжбүр. Тіпті түскі уақытта қалың киіммен ұйықтайды.

Ауыл тұрғындары бұл мәселені ауыл әкіміне, жергілікті депутаттарға айтқан. Алайда ешқайсысы әрекет етпеген.

Ауданның, облыстың, республиканың депутаттарына айттым. Содан кейін әкімшілікке де кіріп жатырмын. Келеді, көреді, кетеді. Ешқандай нәтиже жоқ. Енді мәселені кімге барып айтарымызды да білмей қалдық. Басшылардың бәріне ауылдағы халықтың жағдайы бәрібір. Көңіл бөлмейді, - дейді Салахан Беков.

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мемлекеттік балабақшаның қажеті жоқ деген пікірде. Әкімнің айтуынша, мұндай мекемелер мемлекетке шығын әкеледі.

Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, облыстан қаржы бөлетін болса, қуанамыз. Ал олай болмаса, мекемені сенімгерлікке беріп, кәсіпкерлер қаражаты есебінен жөндеу керек. Өйткені бәріне қаржы жете бермейді. Ол қаржының орнына сіздерге жол салып берейін, суды жеткізіп берейін, электр жүйесін жаңартып берейін, - дейді Арыс қаласының әкімі.

Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, мемлекетке ауыл-аймаққа балабақша салғаннан гөрі, жол жөндеп, су жүргізіп, электр бағаналарын ауыстырған қолайлы. Ал балабақша жауапкершілігін кәсіпкерлерге артқан жөн.

Айта кетейік, Жиделі ауылында үш мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындар үшін баласын көрші ауылдағы балабақшаға беру де қаржы жағынан тиімді емес. Кейбірі ай сайын балабақшаға төлейтін алты мың теңгені әрең тауып беретінін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама