Ақтауда базардан өрт шығып, 6 дүкен жанып кетті (ВИДЕО)

Динара Амантай

Өртті сөндіруге 6 техника және 30 жеке құрам жұмылдырылған

Фото: Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Ақтау қаласындағы 23-ші шағынауданда орналасқан базар отқа оранып, ондағы 6 дүкен толықтай жанып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қарашада сағат 22:46-да өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары диспетчерлік қызметіне 23-ші шағынауданда орналасқан «РУСАЗ» базарының өртенгені туралы хабарлама келіп түскен.

Қазіргі таңда «Балалар әлемі» дүкені, «1000 ұсақ-түйек» кеңсе тауарлары дүкені, сондай-ақ азық-түлік және дәмдеуіштер сататын бутиктер өртенгені анықталды. Өрт сағат 23:23-те сөндірілді», - делінген ведомство ұсынған хабарламада.

Зардап шеккендер жоқ.

Өртті сөндіруге 6 техника және 30 жеке құрам жұмылдырылған. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органнан 16 техника мен 81 қызметкер тартылған.